Алматы облысында 69 оқушының ата-анасы асинхронды оқытуға өтініш берді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 782 жалпы білім беретін мектепте 448 220 оқушы оқуды бастады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы оқу жылында орта білім беру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқу процесін дәстүрлі форматта бір немесе екі ауысымда ұйымдастырады.

Облыстағы барлық мектептер дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді. Алдағы таңда қыркүйек-желтоқсан айларында тағы да санитарлық құрал-жабдықтарды алуға 435 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұл оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған амал. Жетісу жерінде ұстаздардың 99,9%-ы вакцина алды, сондай-ақ, техникалық қызметкерлердің 95,4%-ы вакцина салдырды.

Құзырлы орган өкілдері барлық санитарлық талаптар сақталады, дәстүрлі оқуға ештеңе кедергі емес дегенмен ата-аналар балаларының денсаулық жағдайына байланысты үйден оқытуға өтініш жазып жатыр. Бұл туралы Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова мәлімдеді.

«Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдерінің өтініші негізінде созылмалы ауруы бар немесе ауруы асқынып тұрған кезде үй жағдайында асинхронды, яғни өздігінен оқытуға рұқсат беріледі. Асинхронды оқыту білім алушының ата-анасының немесе заңды өкілдерінің өтініші негізінде мектеп директорының бұйрығымен рәсімделеді. Бүгінгі күні облыс бойынша 69 оқушының ата-анасы немесе заңды өкілі асинхронды оқытуға өтініш қалдырды»,-деп атап өтті ол.

Облыста балалар арасында коронавирус жұқтырушылар саны артып, соңғы 7 айда 208 бала инфекциялық стационарға түскен. Оның ішінде 54-і бір жасқа дейінгі нәресте. Бұл қатарда 1-5 жас аралығындағы 57-і бала бар. 68-і 5-14 жастағылар болса, 14 пен 17 жастағы жасөспірімдердің 29-ы індетті жұқтырған.


Соңғы жаңалықтар