Алматы облысында 6 жаңа мектеп ашылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылында Алматы облысында 6 жаңа мектеп қолданысқа берілді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен бір ғана Іле ауданында үш мектеп пайдалануға берілді. Қарой ауылындағы білім шаңырағы 900 орынға есептелген, Боралдай кентінде 300 балаға арналған және Қосөзен ауылында 600 орындық үш жаңа мектеп салтанатты түрде есігін айқара ашты.

Сондай-ақ, Панфилов ауданы Аққұдық ауылының оқушылары үшін 120 орындық жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп 2736,84 шаршы метр аумақты алып жатыр. Оқу орнында 28 оқытушы жұмыс істейтін болады.

Қарасай ауданының Батан ауылында да 450 орындық жаңа оқу орны пайдалануға берілді.

Ескелді ауданының Абай ауылындағы 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталығы бар 180 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстары аяқталды. Жаңа оқу орнында спортзал, асхана және техниканың соңғы нұсқасы бойынша жабдықталған ондаған кабинет бар. Жаңа оқу орнының құрылысына облыс бюджетінен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. «Талас-құрылыс» мердігерлік ұйымы нысанды мерзімінде аяқтап, оны жергілікті ауыл тұрғындарының қуанышына орай пайдалануға берді. Мектеп ғимараты жертөле, екі қабат және 9 блоктан тұрады.

2021 жылдың соңына дейін 2700 орындық тағы 3 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда олардың құрылысы Іле ауданының Жапек батыр ауылында, Қарасай ауданының Үштерек ауылында және Талғар қаласында жүргізілуде.

Айта кетейік, алдағы оқу жылы қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптармен өтеді. Вирустың балалар арасында таралуын болдырмау үшін барлық мектептер қауіпсіздік шараларын ұстанады. Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, 52 мыңнан астам мұғалім коронавирусқа қарсы вакцина алған.


Соңғы жаңалықтар