Алматы облысына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл жөнінде өңір басшысы Амандық Баталов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Талдықорғанда өткен салтанатты жиында мәлім етті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі биылғы жылы Алматы облысы мерекені толайым табыстармен қарсы алып отырғанын атап өтті. Мәселен, 2014 жылы қант қызылшасының алқабы небәрі 1,2 мың гектар болса, биылғы жылы оның көлемі 11,2 мың гектарға жеткізіліп, 9,3 есеге, ал өнімділік 13,8 есеге өскен. Сонымен қатар облыста қазіргі кезде әрқайсының құны 1 млрд теңгеден асатын 50 ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның 30-ы - шетелдік инвесторлардың, оның ішінде 9-ы - трансұлттық компаниялардың қатысуымен іске асырылуда. Жалпы шетелдік инвесторлардың қолдауымен қолға алынған 30 жобаның арқасында 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды.  

"Мемлекет басшысының қолдауымен қол жеткізілген осы нәтижелердің барлығы - бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бүгінгі мерекені пайдаланып, барша жетісулықтарға ризашылығымды білдіремін. Алда әлі талай жоспарлар бар. Елбасының Жолдауларында және бағдарламалық мақалаларында айтылған стратегиялық маңызды міндеттерін жүзеге асыру жолында ынтымақпен еңбек етеміз деп сенемін", - деді А. Баталов.

 Салтанатты кеш барысында Қарасай аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, Елбасының сыныптасы Сайлаубек Қыдыралиев сөз алды. Ардагер өз сөзінде Мемлекет басшысының бала күнінен байқалған ерекше дарынына тоқталып, естеліктер айтып берді. Өзінің балалық шағы мен бүгінгі бейбіт те берекелі заманды салыстыра әңгімелеп, елге береке-бірлік, Елбасына мықты денсаулық тілеп, көпшілікті Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

«Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділов те құттықтау тілегін айтып, республикалық телеарналарда жұмыс істеген шақтарында Елбасымен бірге жүрген сапарларынан естеліктер айтты. Сол сияқты І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев, Ақсу ауданындағы ақын Сара атындағы жастар мәдени орталығының директоры Фариза Анвартуреқызы да құттықтау тілектерін жеткізді.

Шара мемлекеттік қызметке жаңадан жұмысқа тұрған 7 жас маманның салтанатты түрде ант қабылдау рәсімімен жалғасты. Осы жиында А. Баталов «Астананың 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен облыстың бірқатар азаматтарын марапаттады.

Соңғы жаңалықтар