Алматы облысы дәрігерлерінің үстемеақысына 2,89 млрд теңге бөлінген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы Алматы облысының медициналық ұйымдарына наурыз-маусым айларында 3,43 млрд теңге төледі. Бұл туралы «Jetisy media»-да өткен брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөлінген қаражат медициналық көмек көрсетуге, медицина қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төлеуге, стационар деңгейіндегі ПТР-диагностикаға, сондай-ақ амбулаторлық-емханалық көмек деңгейіндегі ПТР-диагностикаға бағытталған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиал директоры Нұрлан Отарғалиевтің айтуынша, медицина қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы төлеу сомасының едәуір артуы байқалады. Бұл көрсеткіш шілде айында – 1,52 млрд теңгені құраған.

«Республикалық бюджет қаражатынан Алматы облысының медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 2,89 млрд теңге бөлінді. Ай сайын коронавирус инфекциясы бойынша 1447-ден 5362 қызметкерге үстемеақы төленеді», - деп атап өтті Нұрлан Отарғалиев.

Айта кетерлігі, өңірде науқастарды емдеуге 3455 медицина қызметкері жұмылдырылған.

Ауыр науқастарға кеңес беру үшін аудандық және облыстық деңгейде облыстың жетекші мамандары тартылған екі орталық жұмыс істейді. Ал соңғы аптада ауыр науқастардың саны 32% азайды, 20% жағдайдың жақсарғаны байқалады.


Соңғы жаңалықтар