Алматы облыстық Көлік инспекциясы 36 заңды тұлғаның мөртаңбасын заңсыз пайдаланған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат – Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірдегі көліктік бақылау инспекциясы бас маманының жұмыс кабинетінен түрлі заңды тұлғалардың 36 мөртаңбасын тапты. Мөр иелері – халықаралық жүк тасымалдаушылар, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

Мамандар анықтағандай, аталған 36 заңды тұлға жыл сайын көп мөлшерде жүк тасымалдауды жүзеге асыруға арналған шетелдік рұқсат бланкілерін алып отырған.

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Тимур Темірәлиевтің айтуынша, мемлекеттік мекемеде заңды тұлғалардың көп мөлшерде мөртаңбалары болуы тасымалдаушылар мен қызметкерлердің арасында тығыз байланыс бар екендігін көрсетеді. Бұл – жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі.

«Тергеу мәліметтеріне сәйкес, мөрлер инспекцияда 3 жылдан астам уақыт болған. Бұл ретте инспекцияның өзінде осы мөртаңбалардың қандай жағдайда және қай уақыттан бері туралы нақты түсінік бере алмады», - делінген департамент мәлімдемесінде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствода атап өткендей, мемлекеттік органда өзге заңды тұлғалардың мөрлерін сақтау, пайдалану – заңсыз әрекет.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мамандары көлік инспекциясынан 27 сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаған болатын.


Соңғы жаңалықтар