Алматы мен Литва арасындағы тауар айналымы 40 млн долларды құрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бақытжан Сағынтаев Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Васюлис Гинтаутас пен Литва қалаларының мэрлерімен кездесті. Олар өзара экономика, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде экономика, мәдениет және туризм саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды. Бүгінде Алматыда сауда, логистика және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуде литвалық капиталдың қатысуымен 94 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы Алматы мен Литва арасындағы тауар айналымы 40 миллион долларды құрады.

«Біз Smart City қаласын басқарудың инновациялық жобаларын жүзеге асыруда Литва қалаларының тәжірибесіне қызығушылық танытамыз. Бүгінгі таңда Алматы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және қоғамдық қауіпсіздікті цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Ертеңгі бизнес-форумда біздің кәсіпкерлер бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылауға мүмкіндік алады. Мұндай кездесулер өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенімдімін», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Литва делегациясымен кездесу барысында.

Укмерге, Кедайняй, Зарасай, Биржай, Кайшядорис, Рокишкис, Электренай, Мажейкяй және Каунас ауданы сияқты қалалар мен аудандардың мэрлері мен өкілдері өз қалаларының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы айтты.

Сонымен қатар, Литва сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдері Еуроодақ талаптарына сәйкес жоғары технологиялық жобалар мен өнімдерді шығару тәжірибесімен бөлісуге дайын екендіктерін білдірді. Литва делегациясының өкілдері алматылық бизнесті өз елінің логистикалық және экспорттық әлеуетін пайдалануға шақырды.


Соңғы жаңалықтар