Алматы құтқарушылары «жабайы» жағажайларда неге шомылуға болмайтынын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жазатайым оқиғалардың көпшілігі жабдықталмаған су қоймаларында орын алады. Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері талапты орындауға, қауіпсіздікті сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде 9 маусымда өткен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, Ерлан Әлібеков қала тұрғындарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды, тыйым салынған орындарға бармауды ескертті.

Ерлан Әлібековтің айтуынша, барлық құтқарушылар қала тұрғындарының «жабайы» жағажайлар мен демалыс орындарына баруына алаңдайды. Себебі, кейбір жағажайларда су ағыны қатты, тереңдіктің күрт өзгеруіне ықпал ететін жартастар, сынған плиталар мен әйнек болуы мүмкін.

Спикер бүгінде Алматы қаласында шомылуға рұқсат етілген 4 орын барын еске салды, олар:

1. Сайран көлі – Төле би көшесінен оңтүстік бағытта 200 метр – Алмалы ауданы;

2. Сайран көлі – Төле би көшесінен пирске дейін оңтүстік бағытта 300 метр – Әуезов ауданы;

3. Д. Қонаев атындағы ҮАК – Баум тоғайы – Түрксіб ауданы;

4. Д. Қонаев атындағы ҮАК – демалыс аймағы Гүлдер – Жетісу ауданы.

Сайран көлінің рұқсат етілген жерлерінде шығыс пен батыс жағынан буйкалар орнатылған.

Үлкен Алматы каналына (Баум тоғайы, Гүлдер демалыс аймағы қайта құруға байланысты) осы жылы су толтыру жоспарланбаған.

Ерлан Әлібековтің айтуынша, «жабайы» жағажайларда шомылу қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін. Ата-аналар жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне жете назар аударуы тиіс.

Оның пікірінше, тәжірибе мен бақылауға қарамастан қайғылы оқиғалар ереженің бұзылуынан болады.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полицейлермен бірлесіп күн сайын ҚР әкімшілік кодексінің 440-бабы бойынша (спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде болу) тәртіп бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуда әрі су айдындарының аумағында патрульдер кезекшіліктерін атқаруда. Жаз маусымында тәртіп бұзған 15 адамға айыппұл салынды.

Алматы қаласының Сайран көлінде құтқару қызметінің маусымдық бекеті қойылып, шомылуға тыйым салатын 14 тақтайша орнатылды. Әуежай көлінде стационарлық құтқару бекеті жұмыс істейді. Сондай-ақ осы жазда Алматы су айдындарында құтқарушылар, суда құтқару жасағының қызметкерлері, полиция қызметкерлері мен ҚР Ұлттық ұланының №5571 «Оңтүстік» бөлімінің әскери қызметшілері кезекшілік етеді. Енді құтқарушылар тек қайықтармен ғана емес, дронның көмегімен де қауіпсіздікті қадағалайтын болады.

Сонымен қатар, спикер су айдындарында сақталуы тиіс бірнеше талаптарды атады.

«Рұқсат етілген жерде ғана шомылыңыз, жағалаудың қоршау белгілері мен буйкаларынан алыс жүзуге болмайды. Егер сіз рұқсат етілген жерде шомылсаңыз, белден жоғары суға түспеңіз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Қайықтардан, көпірлер мен айлақтардан суға секірмеңіз. Түнгі уақытта, тау өзендерінде мас күйінде шомылмаңыздар»,– деп ескертті Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары.

Өз кезегінде Алматы қаласы Білім басқармасының адамгершілік-рухани тәрбие мен өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Нұргүл Тау ата-аналарды балаларды су айдынындағы талапты бұзбауға, көше мен үйдегі қауіпсіздік ережелерін орындауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар