Алматы қоймасынан 90 млн теңгеге есептелген жарамсыз медициналық костюмдер табылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 90 млн теңгеге сатып алынған жеке қорғаныс құралдары қоймада жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің өтініші бойынша қоймада бір жылға жуық сақталған жеке қорғаныс құралдарын тексерді.

Қоймада түсірілген видеоны Facebook-те Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторинг тобы төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов жариялады.

Тексеру барысында, қоймадаға тауарлар 2020 жылдың маусым айында республикалық бюджеттен бөлінген ақшаға сатып алынғаны анықталды. 90 млн теңгеге 12 мыңға жуық костюм әкелінген. Бір жиынтық 7500 теңге тұрады. Қазір қоймада 7028 данасы бар.


Жандарбек Бекшин костюмдерді тексеріп, олардың талаптарға сай келмейтінін айтты.

«Қоймада медициналық емес, құрылысшыларға арналған жеке қорғаныс киімдері сақталғаны белгілі болды. Олар шаң мен бояудан қорғайды, алайда су өткізеді, сондықтан эпидемиологтардың қолдануына жарамсыз. Мен материалдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тапсырдым. Олардың тапсырысымен сараптама жасалды «, - деді Ж.Бекшин тікелей эфир кезінде.

Сондай-ақ, бас санитар дәрігер қоймада денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес келмейтін көзілдіріктер, маскалар да бар екенін айтты. Тіпті, кішігірм эксперимент жасады.

«Мұны қарапайым түрде ешқандай зертханасыз тексеруге болады. Егер су өтсе, онда вирус та өтеді. Мен мұндай киімдермен эпидемиологтарымды ауру ошағына жібере алмаймын. Құжаттарға қарасаңыз да сәйкес келмейді», - деді Жандарбек Бекшин.

Қаланың бас санитар дәрігері осы факті бойынша сотқа жүгінгенін де жеткізді.

Оның айтуынша, бұл қалада жеке қорғаныс құралдары жетіспейтінін білдіреді. Қоймадағы қор екі айға да жетпейді. Қазір жеке қорғаныс құралдарының бөліктерін басқа аймақтардан сатып алуға тура келеді.


Соңғы жаңалықтар