Алматы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаевқа қатысты үкім күшін жойды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы Соты Алматы қаласы қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаевқа қатысты үкімді қайта қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2020 жылғы 30 Маусымда кассациялық тәртіп бойынша Аманбаевқа қатысты қылмыстық істі қайта қарады, ол 2017 жылғы 22 ақпандағы сот үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жоғарғы Соттың кассациялық инстанциясы соттың Аманбаевқа қатысты үкімі кінәсіздік презумпциясының конституциялық принципін бұзатынын анықтады»,– деді ҚР Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сәдуақасов.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Аманбаевқа ұйымдасқан топ құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу, жалған кәсіпкерлікке жәрдемдесу, аса ірі мөлшерде пара алу және ақшаны заңдастыру жөнінде тағылған айыптаулары басқа сотталушының жауаптарына ғана негізделген. Ол адамның іс бойынша айғақтары қандай да бір басқа материалдармен, құжаттармен, заттай дәлелдемелермен, жедел-іздестіру шараларының немесе жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен расталмайды.

Осыған байланысты Жоғарғы сот алқасы Аманбаевқа қатысты үкім күшін жойып, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты.

Еске салайық, 2017 жылдың ақпан айында Әмірхан Аманбаев және басқа да айыпталушылар сотталған болатын. Басты сот процесі үш жарым айдың ішінде аяқталды, іс бойынша 260 куәгерден жауап алынды. Істің көлемі 1340 томды құрады.


Соңғы жаңалықтар