Алматы газдандыру бойынша елімізде бірінші орында тұр

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгінгі таңда Алматы қаласы газдандыру деңгейі бойынша елімізде бірінші орында. Шамамен 2 млн тұрғын табиғи газға қол жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланы газдандыру «ҚазТрансГаз Аймақ» Алматы өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.

«2017-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде 12 млрд теңге қаржыландыру сомасына 265 км газ құбыры салынды, 114,4 км қолданыстағы газ құбыры реконструкцияланды, 40 шкафтық газ реттеу пункті, 3 газ реттеу блок пункті және 63 бірлік электр-химиялық қорғау станциялары орнатылды»,- деді брифинг барысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, бұл шаралар сенімді тасымалдауды қамтамасыз етіп қана қоймай, 4 мың жаңа абонентті газбен қамтуға мүмкіндік берді. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері 2124 үй қосылды, бұл қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде.

«2022-2026 жылдарға арналған жаңа инвестициялық бағдарлама 15,2 млрд теңге мөлшерінде бекітілді. Инвестициялық бағдарлама: - ұзындығы 158 шақырым газ құбырларын реконструкциялауға; - қосымша 355 абонентті газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 113 шақырым жаңа желілер салуға; - 111 бірлік электр-химиялық қорғау станцияларын және 53 бірлік шкафтық газ реттеу пункттерін реконструкциялауға бағытталған», - дейді министр.


Соңғы жаңалықтар