Алматы дәріханаларына 3 млн әлеуметтік маңызы бар дәрі жеткізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев шілденің соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам өмірлік маңызды дәрі-дәрмек жеткізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, шамадан тыс сұраныс дәрі тапшылығына әкелген. Мәселен, егер былтыр Алматыдағы фармацевтер өткен айда шамамен 50 мың «Парацетамол» сатса, биыл 260 мың қызуды түсіретін дәрі сатылды. Мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен өндірушілермен, жеткізушілермен, дәріханалар желісімен және мамандандырылған қауымдастықпен меморандумға қол қойылды.

«22 маусымнан бастап біз ірі жеткізушілермен, отандық өндірушілермен, дистрибьюторлармен, дәріханалар желісімен және фармацевтикалық компаниялармен белсенді жұмыс жасаудамыз. Олар келісімге қол қойды, онда ірі жеткізушілер, ресми дистрибьюторлар Алматы қаласындағы 105 дәріханаға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің басым бөлігін жеткізетін болады», - деп түсіндірді Заңғар Сәлімбаев.

Жағдай Алматы әкімінің бақылауына алынды. Фармацевтика нарығының қатысушылары дәрі-дәрмектер қоры туралы және әкімдік шешуге көмектесіп жатқан қиындықтар туралы жедел түрде хабарлап отыр. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілер жойылып, біздің нарыққа бұрын кірмеген импортталған дәрілерді жедел сертификаттау қолға алынбақ.

Заңғар Сәлімбаевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қалалық дәріханаларға 475 мың маңызды дәрі-дәрмек алынды. Оның ішінде парацетамол, аспирин, ингавирин, азитромицин және кардиомагнил бар.

«Шілде айының соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам дәрі-дәрмек жеткізіледі. Оның ішінде 2,2 миллион таблетка парацетамол, 391 мың аспирин, 160 мың ибупрофен, 60 мың ингавирин, 99 мың азитромицин және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер. Үш рейс жеткізіледі. Ертең ұшақ Ресейден, 12 және 15 шілдеде Үндістаннан келеді», - деп толықтырды З. Сәлімбаев. Осылайша, дәрі-дәрмек нарығындағы жағдай толығымен тұрақтандырылады.


Соңғы жаңалықтар