Алматы блокпостындағы апат: Экс-полицей жұмысынан қашан босатылғанын есіне түсіре алмады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы маңындағы блокпосты қиратып, екі полицейдің өліміне себепші болған бұрынғы полиция қызметкері құқық қорғау органдарынан қашан босатылғанын есіне түсіре алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот барысында жәбірленуші тараптың адвокаты айыпталушыдан: «Сізді 21 мамырда жұмыстан шығарды. Жұмыстан босату туралы бұйрықты қай күні алдыңыз?», - деп сұрады.

«Есімде жоқ», - деп жауап берді сотталушы Азат Азаматов.

Адвокаттың айтуынша, құқық қорғау органдары туралы заңға сәйкес, өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берілген сәттен бастап бір ай ішінде қаралады. Сол себепті жол-көлік оқиғасы кезінде Азаматов ішкі істер органдарында жұмыс істеп жүрген деген болжам жасалды.

«Жол апаты кезінде, Сіз полиция қызметкері болдыңыз ба?»,– деп қорғаушы тағы сұрады.

«Мен бұл сұраққа жауап бермеймін», – деді сотталушы.

«Мәртебелі судья, бұл маңызды деп санаймын және талап етуге біздің құқығымыз бар. Сотта Азаматов 20 мамырда жұмыстан кету туралы арыз жазғанын айтты. Құқық қорғау органдары туралы заңға сәйкес, бұл өтініш бір ай ішінде қаралуы керек», - деп қайталады адвокат.

Сонымен қатар, ол келесі сот отырысына жұмыстан босату туралы бұйрықтың көшірмесі мен бухгалтериядан есеп айырысу туралы түбіртекті ұсынуларын сұрады.

Айта кетейік, Полиция департаменті Азат Азаматов ішкі істер органдарында 2014 жылдың 30 сәуірінен 2020 жылдың 21 мамырына дейін Патрульдік полиция инспекторы болып жұмыс істегенін хабарлаған болатын.

Бұған дейін, жол апатынан аман қалған полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берген еді.

Азат Азаматов өз кінәсін толық мойындаған болатын.

Қаза болған полицей Дастан Әбдіқановтың әйелі Динара Аман апатқа кінәлі адамнан моральдық зиян ретінде 37 млн теңге өтемақы талап етті.


Соңғы жаңалықтар