Алматы әуежайын кім сатып алмақ - Атамқұлов жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Алматы халықаралық әуежайының сатылатыны туралы ақпаратқа орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде бір түрік компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Дәл қазіргі сәтте пікір білдіре алмаймын. Бұл әзірше аяқталмаған мәміле сияқты. Алматы әуежайы жеке компанияның меншігінде тұр. Сондықтан сатылым жүріп жатыр. Бізбен келісілуі тиіс сәттер бойынша Азаматтық авиация комитеті қажетті процедураларды жүргізіп жатыр», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның пайымынша, әуежай сатылғаннан кейін жолаушылар оң өзгерістерді көре алады.

«Меніңше, сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту және қосымша инвестиция тарту бөлігінде бұл жақсы қадам болмақ. Білуімше, басқаруында бірнеше әуежай бар компания келеді. Оның басқаруында Францияда екі әуежайы бар сияқты», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Министр Алматы халықаралық әуежайы Орталық Азиядағы ең ірі әуе қақпаларының бірі саналатынын баса айтты.

«Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін жолаушылар терминалдарын жаңғыртып, қайта қалпына келтіруіміз керек. Себебі Алматы әуежайы арқылы жолаушылар ағыны жылдан-жылға артып келе жатыр. Бұған қоса, таяуда ғана министрліктің еркін ашық аспан туралы бұйрығы шықты. Бұл рейстерді арттыруға септігін тигізеді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, тамыз айында еліміздің бірқатар бұқаралық ақпарат құралында Алматы халықаралық әуежайы акциясының сатылуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.

Соңғы жаңалықтар