Алматы: «Алтын орда» базарында 100 теңге үшін төбелес болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматының іргесіндегі «Алтын орда» базарында 100 теңге үшін жанжал болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі азамат арасындағы жанжал автотұрақ ақысына қатысты шыққан. Қалтасында 100 теңгенің жоқтығын айтқан көлік жүргізушісі 20 мың теңге бере алатынын болмаса төлемді банк картасына ақша аудару арқылы жасай алатынын жеткізеді.

Бірақ автотұрақ қызметкері аударымды қабылдай алмайтынын айтып, көлік иесінің автотұрақтан шығуын өтінеді. Осы сәтте тұрақ қызметкерінің сөйлеу мәнері ұнамаған жүргізуші көліктен түседі. Ары қарай сөзге келіспей қалған азаматтар арасында жанжал туындайды. Жазбаға көлік қожайынына қызметкердің пышақ ала жүгірген сәті мен жүргізушінің автотұрақта жұмыс істейтін азаматты жағасынан алып, басымен ұрған кезі түсіп қалған. Артынша базарға келген адам көлігіне отырып, оқиға орнынан кетуге әрекеттенеді. Осы сәтте базардағылар көліктің кетуіне кедергі жасауға тырысады. Істің насырға шапқаны сонша, қазір осы кикілжіңге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Аталған дерек әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталды. Оқиға орнына Қарасай аудандық ПБ жедел-тергеу тобы шықты. Дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта бейнежазбаның барлық қатысушылары анықталды. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысында екі тараптан да жауап алынатын болады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оқыс оқиғаның барлық фактілері, себептері мен мән-жайлары анықталады. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады»,- деп мәлімдеді Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар