Алматы әкімі заңсыз құрылыс үшін қоластындағыларды сынға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала ортасындағы заңсыз үй құрылысы үшін жауап берген қызметкерлердің жауабына қанағаттанбады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысымен кездесу барысында Бостандық ауданы Сәтпаев, 18д мекенжайының тұрғыны «Керемет» тұрғын үй кешенінің заңсыз құрылысы туралы шағым айтты.

«Үйіміздің алдында күзден бері Rams компаниясы үй салып жатыр. Бұл компанияның құрылыс жүргізуге рұқсат құжаты жоқ. Біз мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына, прокуратураға шағымдандық. Осы уақытқа дейін нақты жауап жоқ. МСҚБ жоспардан тыс тексеру жүргіземіз деп уәде берді. Бірақ құрылыс әлі жүріп жатыр. Бұл үйдің шұңқырының биіктігі - 9 метрден кем. Бұл біздің үйге қауіп төндіреді», - деді ол.

Алаңдаған тұрғын 9 қабатты үй 4 қабатты үйден 10-ақ метр қашықтықта орналасқаны қай регламентке сай екенін сұрады.

«Иә, компанияның құрылыс жүргізуге ешқандай рұқсат құжаты болмаған. Құрылыс компаниясына 1 млн теңгеден аса айыппұл салынады. Құрылыс жұмыстары кеше тоқтатылды»,- деді басқарма басшысы Бақытжан Наурызбеков.

«Сонда олар құрылысты қалай бастаған?»,- деп сұрады әкім басқарма басшысынан.

«Ол жерде мұның алдында шұңқыр қазылған. Компания кезінде жерді банк арқылы сатып алған. Қазір шара қабылдап жатырмыз»,- деді басқарма басшысы.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов «Керемет» тұрғын үй кешені Сейфуллин көшесінде орналасқанын айтты.

«Бұл шұңқыр 10 жыл бұрын паркинг құрылысы үшін салынған. Компания тұрғын үй салуға рұқсат алмаған. Осыған байланысты МСҚБ инспекторлары бұл нысанға КамАЗ өтуіне тыйым салды. Бұл нысан құрылысы бас жоспарға сай басталған. Жобаны келісу кезінде құрылыс нормаларына сай ережелер сақталады. Апаттық ахуалды болдырмас үшін шұңқыр толтырылады. Бұл нысан бақылауға алынды»,- деді Алмасхан Ахмеджанов.

«Жауап дұрыс емес», - деді Бақытжан Сағынтаев.

«Біз құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес қай қашықтықта тұрғын үй салуға болатынын білгіміз келді. Алматының даму жоспарына сәйкес бұл жерде гараждан биік нысан салынбауы тиіс»,- деді тұрғын.

«Алмасхан, Бақытжан, сіздер дұрыс жауап бермей отырсыздар. Rams компаниясының құрылыс жүргізуге рұқсаты болмаса, қандай айыппұл туралы айтып отырсыздар? Сіздер заңсыз құрылысқа айыппұл саласыздар. Яғни, құрылыс салынады деген сөз бе? Егер автотұрақтың орнына үй салып жатса, сүру керек. Жауап осылай болуы керек. Оны қалай заңдастырмақсыздар? Тұрғындар қарсы. Осыны қолға алыңыздар»,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар