Алматы әкімі үздік ұстаздармен кездесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек Тұңғыш Президент күніне орай мұғалімдермен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен дайындалған «Педагогтар мәртебесі туралы» және «Оқушы мен оқытушылардың жүктемесін азайту туралы заң нормаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жайлы сөз қозғады.

«Жолдау арқылы қазақстандық педагогтар Мемлекет басшысының мұғалімдердің еңбегін қаншалықты жоғары бағалайтынын түсінді. Сіздердің білім беру саласындағы ерен еңбектеріңізді ескере отырып, үлкен рахмет айтқым келеді. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіздің дәлелі ретінде оқушыларыңыздың жетістігін айтуға болады», - деді Бауыржан Байбек.

Қала басшысы биыл жақсы жетістіктерге жеткен ұстаздарды мерекеге орай марапаттады. 

Айта кетейік, жыл басынан бері Алматыда оқытудың жаңа мазмұнына көшкен ұстаздардың жалақысы 30%-ға артты. Бұл Алматыдағы мұғалімдердің 70% десек болады. 1 қыркүйектен бастап ұлттық біліктілік тестілеуінен өткен 1293 мұғалімнің лауазымдық жалақысына 30-50% үстеме қосылды.

Сондай-ақ, мемлекет ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерге барынша қолдау көрсетіп келеді. Осымен екінші жыл қатарынан химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдердің лауазымдық жалақысына 200% үстеме қосылды.

Айта кетейік, қалада тәуелсіздік жылдарында мемлекет басшысының көмегімен 117 білім беру нысаны ашылды. Соңғы 5 жылда білім беру саласын қаржыландыру 37%-ға артып, 27 млрд теңгеге жетті. 

Сонымен қатар, қала әкімдігі білім саласының инфрақұрылымын дамытуға мән беріп отыр. Тек биылдың өзінде мектептерді күрделі жөндеуге 17 млрд теңге бөлінді.

 

Соңғы жаңалықтар