Алматы әкімі тегін үйірмелерді қаржыландыру неге тоқтатылғанын түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында жергілікті кәсіпкер қала басшысынан «Арт спорт» бағдарламасы бойынша қаржыландырудың не себепті тоқтатылғанын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, бұл тек Алматыда емес, бүкіл елде күрмеулі мәселеге айналған.

«Бізде жыл басында алынған міндеттеме бойынша қарыз пайда болды. Себебі, қазіргі «Арт спорт» жүйесі бізге тіркелу орнынан бас тартуға мүмкіндік бермейді. Бүгінде біздің бюджетке қарызымыз – 1,7 млрд теңге. Мен жергілікті бюджетті нақтылау кезінде қарызды жабуды жоспарлап отырмын. Өкінішке орай, «Арт спорт» бағдарламасына қатысқысы келетіндердің көп болатынын, мұндай қаражаттың қажет екенін алдын ала ескерген жоқ едік», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, Ерболат Досаев «Арт спорт» бағдарламасының мәліметтер базасы оқу-ағарту министрлігінің базасына қосылмағанын атап өтті.

«Кеше Алматыға Премьер-Министр келді. Осы мәселе бойынша да сөйлестік. Үкімет басшысы «Арт спорт» бағдарламасы аясында қызметтерді ұсыну ережелеріне қажетті өзгерістер енгізуді Мәдениет және спорт мнистрлігі мен Оқу-ағарту министрлігіне тапсырғанын айтты. Жалпы, біз Алматыда шамамен 45 мыңдай бала «Арт спорт» бағдарламасына қатысады деп болжағанбыз. Бірақ, бала саны қазір екі есе өсіп кетті, әлі де көбейіп жатыр. Сондықтан, біз ең алдымен, осы саладағы саясатты қалыптастыратын орталық мемлекеттік органдармен мәселені шешіп алмақпыз. Кейін бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз. Қарызымызды жабамыз және жазғы демалыс уақытында балаларға қызмет көрсетуді жалғастыруға қаражат табуға тырысамыз», - деді Ерболат Досаев.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алдына кәсіпкерлер мен ата-аналар жиналып, «Арт спорт» жобасы аясындағы тегін үйірмелерді қаржыландыру мәселесін біржола шешіп беруді талап еткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар