Алматы әкімі полиция мобильді пункттерінің жұмысын тексерді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев полиция мобильді пункттерінің инспекторлары кешкі уақытта кезекшілікті қалай атқаратынын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкім Саяхат, Көк базар, Ганди саябағы, Атакент, Панфиловтегі жаяу жүргіншілер жолында орналасқан мобильді пункт инспекторларының кешкі уақыттағы кезекшілігін тексерді.

«Қала тұрғындарының пікірінше, әсіресе қазіргідей қараңғы ерте түскен шақта мұның маңызы зор. Мобильді пункттерді орналастыру қандай да бір аймақтың криминогендік жағдайына талдау жасау арқылы жүзеге аспақ. Адамдар көп жиналатын жерге полицияның мобильді пункттерін орналастыру — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тағы бір пәрменді шарасы. Әзірге мұндай 22 бекет қойылса, жыл соңына дейін тағы 10 бекет салынады», - деп жазды әкім Instagram парақшасына.

Ол қала тұрғындарының учаскелік инспекторлардың жұмысына қолайлы жағдай жасалғанын байқап үлгергенін айтты. Таза әрі ашық етіп жасалған пункттер жылу және санитарлық жүйемен қамтамасыз етілген.

«Қауіпсіз қала — менің жеке бақылауыма алынған басты басымдықтардың бірі. Қала тұрғындары өздерін қауіпсіз сезінуі керек», - деп атап өтті әкім.

Соңғы жаңалықтар