Алматы әкімі келесі жылыту маусымына сапалы әрі уақтылы дайындалуды тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті. Онда коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен бірге өткен жылу маусымының қорытындылары және жаңа маусымға дайындықтың міндеттері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы 2020-2021 жылдардағы жылу маусымы температуралық режимді ескере отырып, 2020 жылдың 28 қыркүйегінде басталып, 2021 жылдың 13 сәуірінде аяқталды.

Жалпы, 198 тәулікке созылған жылу маусымы қалыпты режимде өтті.

Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша коммуналдық кәсіпорындар барлық жылуэнергокешендеріне және коммуналды шаруашылықтарға тексеру жүргізіп, алдағы жаңа жылу маусымына тиянақты дайындалулары тиіс.

Атап айтқанда, «Алматы электр станциялары» АҚ электр және жылу энергиясын тарататын құрылғылардың 71-ін, құбырларды, гидро-қазандық агрегаттарды, станцияның су жылыту және бу қазандықтарын жөндеуден өткізуді жоспарлауда.

«Алматыжылукоммунэнерго» мамандары 48 қазандықтағы жабдықтардың 75-ін ауыстыруға тиіс.

«Алматы жылу желілері» 8,2 шақырым желіні реконструкциялайды.

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс кестесін қаланың басқармаларымен келісуді тапсырды.

Сонымен бірге, қазу процесстері мен жолды қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынады.

Жолдарды қалпына келтіру жұмыстары сапасыз жүргізілсе, онда коммуналдық қызмет көрсетушілер жауапқа тартылады.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев аудан әкімдері мен энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму,қалалық мобильділік басқармаларына жөндеу жұмысы жүретін шағынаудан тұрғындарын апатты-қалпына келтіру жұмысы, мерзімі және жобаны орындаушылар туралы дер кезінде ақпараттандыруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар