Алимент төлемей жүрген СҚО тұрғынын полицейлер Ресейден тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары екі жыл бойы алимент төлеуден жалтарып келген ер адамды Ресейдің Омбы қаласынан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, миграциялық қызмет басқармасының мамандары үш күннің ішінде алимент төлеуден жалтарып жүрген және борышкер 13 адамның жүрген жерін анықтады.

Борышкерлердің бірі Ресейдің Омбы қаласынан табылды. Уәлиханов ауданының 36 жастағы тұрғыны 2018 жылдан бері баласына алимент төлемеген. Ол жайында мәлімет қарызды өндіріп алу үшін сот орындаушыларына берілді.

«Іздеудегі адамның басқа мемлекетте жүргені анықталған жағдайда оған халықаралық іздеу жарияланады. Борышкер жүрген елге ол жайында бағыттама беріледі және іздеу шаралары жолданады», - дейді СҚО ПД миграциялық қызмет басқармасының аға инспекторы Еділ Қазиев.

Үш күннің ішінде тәртіп сақшылары балаларына қарыз 7 адамның және 5 борышкердің, сондай-ақ туыстарымен байланыс үзген 1 адамның жүрген жерін анықтады. Жамбыл ауданы Украинское елді мекенінің тұрғыны екі жылдан артық жиенінен хабар алмаған. Полицейлер әйелдің арызы бойынша ер адамды Петропавлдан тауып, оған ауылдағы туысының байланыс нөмірлерін берді.

Қазір СҚО-да алимент төлеуден жалтарған 16 адам іздестіріліп жатыр. Тәртіп сақшылары бұдан басқа 32 борышкерге және туыстарымен байланысы үзілілген 17 адамға іздеу жариялады.


Соңғы жаңалықтар