Алик Шпекбаев: Жемқорлыққа жол беру – отанды сатумен тең

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қостанай облысына сапары аясында Рудный қаласының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер туралы сөз қозғап, елде жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы саясат және қабылданып жатқан алдын алу шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндады. Агенттік төрағасы басшылардың қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлығы үшін жауап беретінін еске салды. Айта кетейік, осы жылдың қыркүйек айында Рудный қаласының әкімі Б.Ғаязов Қашар кентінің әкімінің жемқорлық қылмысы үшін қызметінен босатылған еді.

«Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама әр басшыға жоғары талаптар қойып отыр. Сіздер тұтас мемлекеттік органның жұмысы тазалық пен парасаттылыққа бағытталуға байланысты екенін жете түсінулеріңіз қажет. Сондықтан басшылардың жемқорлыққа жол ашатын кез келген жағдайды жою бойынша белсенді әрекет жасауы маңызды. Бұл үшін барлық құралдар бар. Ең бастысы – шынайы ниеттің болуы», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының басшысы азаматтармен сындарлы диалогты кеңейту қажеттілігіне, жергілікті атқарушы органдардың азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау жұмысын күшейту мен қоғамдық бақылауға назар аударды.

Қоғамдық ұйымдар өкілдеріне арнаған сөзінде Алик Шпекбаев мемлекеттік органдардың жұмысын трансформациялауда азаматтардың рөлі артып келе жатқанын атап өтті.

Алик Шпекбаев ХҚКО туралы айта келе, электрондық мемлекеттік қызмет көрсетудің үдемелі дамуын атап өтті.

«Қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтер – өткен күннің белгісі. Шенеунікпен байланыс орнату арқылы қызмет көрсету тұрмыстық сыбайлас жемқорлық қаупін арттырады. ХҚКО-лардың санын көбейтудің қажеті жоқ. Азаматтарды электрондық мүмкіндіктермен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге және әкімдіктердің фронт-кеңселерін сапалы пысықтауға назар аудару қажет», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар