Алик Айдарбаев: «ҚазТрансОйл» мен «ҚазТрансГаз» өздігінен жұмыс істейтін деңгейге жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев компания құрылымдарын ары қарай оңтайландыруға қатысты ұсыныстарды енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындық жасап жатырмыз. Компанияның қаржылық жағдайын қолдау үшін жекешелендіру бағдарламалары секілді бірқатар шара қайта қаралады. Сонымен бірге «ҚазМұнайГаз» құрылымдарын ары қарай оңтайландыруға қатысты ұсыныстар бар. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің басшылығыңызбен тәуелсіздік жылдарынан бері мұнай мен газ бойынша қуатты көлік инфрақұрылымы жасалды. Кеңқияқ-Атырау секілді мұнай құбырлары салынды. Атырау-Самар мұнай құбырының өткізу қуаты артты. Қазақстан – Қытай, Бейнеу – Шымкент, Сарыарқа газ құбыр желілері салынды. Осы инфрақұрылымның бәрі де қазіргі таңда біздің еншілес екі компанияға – «ҚазТрансОйл» мен «ҚазТрансГазға» тиесілі. Осы екі компанияның «ҚазМұнайГаз» құрамында болуы толығымен өзін-өзі ақтады. Ресурстардың бәрін бір орталыққа бағыттау керек болды. Қазіргі уақытта осы екі компания қазір өздігінен жұмыс істейтін деңгейге жетті», - деді Алик Айдарбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» кеңесінің отырысында.

Осыған байланысты Алик Айдарбаев алғашқы кезеңде «ҚазТрансГаз» компаниясын ғана «ҚазМұнайГазға» тікелей бағынышты күйінде қалдыруды ұсынды.

«Бұл – біріншіден басқару деңгейін қысқартуға, екіншіден «ҚазМұнайГаз» ІРО-ға шыққан жағдайда инфрақұрылымдық жобаларды мемлекет меншігіне қалдыруға жол ашады. Үшіншіден «ҚазМұнайГаздың» өзі мұнай мен газды өндіріп, өңдей алатындай барлау жұмысын күшейткені жөн. Шет елдердің тәжірибесі әдетте көлік инфрақұрылымдарының жеке жұмыс жүргізіп, мемлекет меншігінде қалғаны абзал екенін көрсетіп отыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар