Әлихан Смайылов семейліктерге пәтер кілтерін табыс етті

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов Семей қаласында 40 тұрғынға пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Қарағайлы шағынауданында орналасқан үйлерден 40 азаматқа пәтер кілттерін табыстады.

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 122 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған, бұл - 8 мыңнан астам пәтер. Оның 25-і, яғни 1493 пәтер қолданысқа берілді. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары мен үй кезегінде тұрған 2665 адам қоныс тойын тойлайды. «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы көпбалалы, толық емес және ерекше күтімді талап ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жеңілдік шаралары қарастырылған. Айта кету керек, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 440 отбасы баспаналы болды.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі бірегей спорт кешенінің жұмысымен танысты. Екі жыл ішінде бой көтерген кешеннің мәдени-спорттық шараларды өткізуге арналған үлкен залы бес мың орынға арналған. Әлемдік стандарттарға сай және спорттың сан түрлерінен жарыстар өткізу мүмкіндігі бар. Нысанның жалпы аумағы – 33,8 мың шаршы метр.

Әлихан Смайылов сондай-ақ, жаңа кешенде өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.

«Шығыс Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосты. Индустриалды және аграрлық аймақ тантал, мыс, мырыш және кейбір ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде жетекші орында. Облыс субсидияланған бизнес-жобалар саны, мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы жасалған келісімдер саны бойынша елімізде бірінші орында. Республикадағы алғашқы роботты хирургия орталығы, нейрохирургиялық гибридті операциялық зал Шығыс Қазақстанда ашылды. Екі жыл ішінде барлық мектептер АT-сыныптармен жабдықталды. Білім беру және медициналық қызмет сапасы үнемі өсіп келеді. Мұның бәрі азаматтардың әл-ауқатын арттыруға кепіл», — деді ол.

Тәуелсіздік туы желбіреген 28 жылдың ішінде өңірдің жеткен жетістіктеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов толығырақ тоқталып өтті.

«Біз осы тарихи кезеңмен мақтанамыз. Себебі іргемізді бүтіндеп, тіл және мәдениетімізді қайта жандандырдық. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында, дұрыс таңдалған бағдарын ұстана жоғары жетістіктерге жеттік. Бүгінде өзімізді тәуелсіз, қуатты және табысты Қазақстанның азаматтары деп зор сеніммен айта аламыз. Біз ежелгі қазақ жерінде тағдыры ортақ Ұлы дала елі тарихымен біргеміз», — деді Даниал Ахметов.

Салтанатты шара барысында шығысқазақстандық 50 азаматқа мемлекеттік наградалар мен ордендер табыс етілді. Бес тұрғынға «Шығыс Қазақстанның құрметті азаматы атағы» берілді.

Марапатталушылар арасында «Парасат» орденін ғалым Арап Еспенбетов, «Абай Құнанбаев» қорының негізін қалаушы Балтабек Ерсәлімов «Құрмет» орденін иеленді.

Шара соңы қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Соңғы жаңалықтар