Әлихан Смайылов Еуразиялық даму банкі кеңесінің отырысын өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 24 маусымда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) кеңесінің отырысы өтті, онда Банктің 2021 жылғы жұмысының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәселен, өткен жылы банк 19 жаңа жоба бойынша келісімдерге қол қойды. Бұл ретте ағымдағы инвестициялық портфельде интеграциялық әсері бар жобалардың үлесі 59,6%-ды құрады. ЕАДБ-ның 2021 жылғы таза пайдасы – $37,1 млн, бұл жоспардан 2,1 есе артық.

2022 жылдың басында әлемдегі, сондай-ақ жергілікті қаржы және тауар нарықтарындағы құбылмалылық жағдайында ЕАДБ тұрақты қаржылық жағдайды және 2022-2026 жылдарға арналған стратегияның міндеттерін іске асыру мүмкіндіктерін сақтап қалғаны атап өтілді.

ЕАДБ жобалар бойынша жаңадан қол қою жоспарын орындауға ниетті. Әзірленген 5 жылдық елдік стратегиялар аясында Қазақстанда, Арменияда, Тәжікстанда және Қырғызстанда жобаларды дамытуға ерекше назар аударылмақ.

«Банк қызметі қазіргі жағдайларға сай нақтыланып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін еуразиялық өңір елдеріне көмек көрсетуге бағытталуы тиіс», - деді Кеңес төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар Тексеру комиссиясының және Банктің Ішкі аудит қызметінің есептерін, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелерді қарады.

Кеңес отырысы қарсаңында ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов Әлихан Смайыловқа еуразиялық кеңістіктегі негізгі инвестициялық мегажобалар бойынша жасалған жұмыстарды таныстырды.


Соңғы жаңалықтар