Әлібек-әлем немесе суретшіліктен – суреткерлікке

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжолдың жазушы Әлібек Асқаровтың әңгімелері жайлы әдеби мақаласы Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрді. ҚазАқпарат мақаланың толық нұсқасын оқырман назарына ұсынады.

Қарымды қаламгер, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров жайында айтар әңгімемізді бірер әлқиссамен бастаудың реті келіп тұрғандай. Әрине, қай ләміміздің де астар-ағысы, сайып келгенде,оның шығармашылық сыр-сипатына саятындығына еш шүбә болмаса керек.

«Мона Лизаның портреті» атты, тақырыбы бір арнада тоғысқан сарындас әңгімелер жинағын оқи отырып, бізге қызық көрінген бір жайт – бүгінде сөз өнеріндегі суреткерлік шеберліктің қыр-сырын қапысыз меңгерген қаламгердің өмірдегі жолын суретшіліктен бастауы еді.

Иә, жас талап алғашында төрт жыл көз майын тауысып Алматы көркемсурет училищесін бітіріпті. Түрлі бояулармен сурет салудың бақытын бастан кешіре жүріп, кейіннен өмір суретін сөзбен салу өнеріне ауысыпты. Бұл талпыныс-талаптың табыссыз болмағандығына Асқаровтың әдебиет аламанындағы алтайлық әдемі дүбірі, әсем жорғасы айғақ.

Екінші әлқиссамыз тұп-тура осы арада Алтайға байланысты айтылмақ. Асқақ Алтай, асқар Алтай, Хан Алтай. Бір кездегі көк түріктің де, қазіргі көп түріктің де ата қонысы, қара шаңырағы Абыз Алтай. Міне, біздің Әлекең, Әлібек Асқаров – нақ осы Алтайдың төл перзенті. Осыған қарап, Алтайдың Асқаровы десек те құп жарасып тұр.

Иә, көрнекті ісінің өрмегімен де, көркем сөзінің өрнегімен де көпшіліктің көңілінен шығып, көзге түскен Алтайдың зияткер һәм санаткер бел баласы. Әлбетте, сүйінер ұлы ретінде Асқаровты туған жері Алтай меншіктеп жатса, бұған ешкімнің бәсеке-таласы да болмасы анық.

Бұл кісі басы ашық нәрсеге неге сонша шұқшия қалды деушілер де табылар. Ал оның мәнісі мы­нау еді. Жақында дүниеден өт­кен қазақтың зияткер ақыны Тө­ле­ген Қажыбаев 2014 жылдың қыр­күйегінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде қаламдас інісінің шығармашылығы туралы ілкімді ойлар айтқан мақала жариялапты.

Ол мақалаға «Асқаровтың Алтайы» деген таудай тақырып қойыпты. Біз білетін тумысынан текті Төкең жөпшеңдіге сөз шығындамайды. Сұңғыла аға­тайым өзі де әңгіме арқауын та­қы­рыптан бастап тарқатыпты: «Ма­қалама қойған тақырыбыма тосырқай қарар кез келген қазақ «Е, Алтай Әлібек Асқаровқа ғана қатысты ма екен?» деуі әб­ден мүмкін.

Әбден мүмкін емес, тура солай, жатып алып ту­лары хақ. Әлібек Асқаровтың «Ал­тай­да алтын күз еді» повесін оқы­ғаннан кейінгі туындаған ой Ал­тай, шын мәнісінде, Асқаровтікі де екен деген тұжырымға табан тіреткен.

Өйткені көлемі ша­ғын болғанымен, повестің айтар сөзі, Алтай өңірінің ғажап таби­ға­тының тұмса келбет-кескіні, оның қойнауындағы ұшқан құс, жү­гірген аңы, ұйыса өскен сан алуан шөбі, тауы, тасы, биіктен құлаған сарқырама суларына дейін сұңғатты сұлу поэмаға тән суреттерімен сүйсінтпей қалмаған.

Повесть көрнекті қаламгердің кемел шағынан шырай берер қал­пымен, Алтайдың ақ сүмбідей сұ­лу салтанатын суреттеуге келген­де, он сан бояулы палитралы по­лотноны көз алдыңа көлденең тарт­қандай әдемі әсерге бөлейді».

Өмірде тура билік ұстыннан айнымай өткен шыншыл да сыншыл Төлеген Қажыбаевтың дуа­лы аузымен «көрнекті», «кемел шағынан шырай берер» қалам­гер деп бағалану екінің біріне бұ­йыра берер құрмет емесін бас­қалардан бұрын біз білеміз.

Өйт­кені Төлеген ағаның талғам та­ра­зысы бізге жақсы таныс. Сон­дықтан да «Алтай, шын мәнінде Асқаровтікі екен» деген тола­йым тұжырымына басы бүтін қо­сыламыз. Қалихандай тайпалған классиктің Алтайы.

Тектіліктің кербұғысы Оралханның Алтайы. Енді келіп жұрт ұғымында қа­лып­талған қағидалы дәстүрдің же­лісін үзбеген заңды да жара­сымды жалғасындай болып Ас­қа­ровтың Алтайы сұлбасын айқын­дап, жүлгелене асқақтап бой кө­тер­генін қуана құптаймыз. Оқыр­ман­дарды бұл Алтай да ә дегеннен қызықтырып баурап алады.

Қалихан мен Оралхан ағаларының Алтайын әрі толықтырады, әрі сонымен қатар-қапталдас, мүлдем бөлек өзінің Алтайын жасайды.

Алтайдың жоғарыда айтқан, өзінің алдындағы ұлы жыршыларын жоқтатпай жолын қуған іні-қаламгердің «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» кітабындағы эссе-толғаулардың қадір-қасиетіне Қадыр аға Мырза Әли жетіп, ке­зінде парасатты пайым-пікірін ағы­нан жарыла айтып кеткен бо­латын.

Ел газеті «Егеменде» жа­рық көрген ол мақалада қайран Қа­да­ғамның: «Бұдан бірнеше жыл бұ­рын, тіптен жас кезімде жиырма бес мың шақырым жол жүріп, осы өңірді көктей өтіп, Гималай асқан Николай Рерихтің күнделіктерімен танысып, таңғалғанмын.

Ғашық болғанмын Алтайға. Түс көрген­дей сезінгенмін. Міне, енді Әлібек Асқаровтың кітабын тамсана оқып отырып, сол баяғы түсімнің жал­ғасын көргендей болдым.

Иә, әділі де осы! Қадағаң қадап тұрып айтқандай, Әлібектің туған жерге деген ұлы махаббаты ұлан-ғайыр ұлы Алтайды қалтқысыз иемденуге, мейірлене қатты қысып, қапсыра құшуға, перзенттік сезім пернелерімен ауылдас һәм рухтас ағасы Оралханша асқақтата қара сөзбен жырлауға хақысы бар екен.

Алтай дегенде дарын бұлағының көзі ашылып, шабыт дариясы кемерінен аса ақтарылып, сол бір баршамызға қымбат та қастерлі та­биғат әлемінің, сол әлемдегі адам­дардың, тіршілік-тыныс пен қа­рекеттердің шынайы суретін қыл­қалам дәлдігімен, алуан бояу­лы әсем ажармен айшықтайды.

Автордың Алтай тақырыбында­ғы алтайы қызыл түлкідей қунап құл­пырған шығармаларын әр кез­де оқи жүре біздің де көкейге бір түй­геніміз осы. «Көккөл», «Ша­бан­бай», «Мұзтау», «Шын­ды­ғатай», «Марқакөл» сынды тол­ғаныс-тебіреніске толы эссе, тол­ғамдарындағы иірімдер, сезім қылын дөп басып шертетін сәт­тер кім-кімнің де жүрегін шым ет­кізбей, бүйрегін бүлк еткізбей қой­масы, қызығушылығын тудыр­май тоқтамасы анық.

Мұның сыртында оқырман сұранысына орай қазақ тілінде қайта-қайта жеті рет басылған, көп таралыммен Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан шыққан, бірнеше мәрте орыс ті­лін­де жарық көрген, ағылшын ті­ліне жеке кітап болып аударылған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы сыр-сыпаты бөлек, өз алдына бір өргек дүние.

Осы ретте біздің өз тарапымыздан аңғарып, ойымызға тамыздық тастаған мына бір жайт еді. Та­лай да талай суретшілер Алтай пей­зажын тамашалап, табиғат эскиз­дерін көзбе-көз қылқаламға ілін­діріп, фотоаппаратқа тартып, сұңғатты полотнолар тудырған шы­ғар, тудыра да бермек. Көзбен көр­генге, көңілмен сезгенге не жет­­сін!

Алайда деймін-ау, әлі Ал­тайға аяғы жете алмай жүр­ген суретшілер болса, Алтай кес­кіндемесінің көшірмесін емес, түп көріністерін Асқаров шығар­маларынан оқып-тоқып, құдды көзбен көргендей бейнелеп сала берулеріне болатын сияқты.

Төл­нұсқаға жетеғабыл кескіндеме туындысы шығатынына біз кепіл. Міне, сөз өнерінің, оның ішінде Асқаров қаламының әлеметі осындай! Бұған бір жағынан оның туа­бітті суретші екендігінің септігі ти­гендігі де сөзсіз.

Шабыттумалық өнер­намалардың жең ұшынан жал­ғасып ұштасуы, кескіндеме өне­ріндегі суретшіліктің сөз өне­рін­дегі суреткерлікке ұласуы деп те нақ осы ғажап ғибратты айт­пақ­пыз.

Әрине, тек Алтаймен шектелсе де, Әлібек шығармашылығының аясы тар, ауқымы азғантай болып қалады деп айта алмас едік.

Бірақ өйткенде талантының табиғатына, қабілетінің қарымына обал болары сөзсіз-ді. Ен өмірді, кен өмірді, қоғамның небір қайшылықтарға толы қалтарыс тұстарын кеңінен келістіре толғайтын қайталанбас қолтаңбаны біз әу баста-ақ айтқан шағын кітаптан зер сала, сүйіне, аса бір ырзашылықпен байқап, біліп, көзбен көріп, көңілге түйіп отырмыз.

Бұл кітап бірқатар жаңа әңгімелермен толықтырылып, «Фолиант» баспасында қайта басылып шыққан тәрізді.

Осының алдында, біраз жыл бұрын «Со­циализм әңгімелері» деген атпен жария жүзін көрген осынау әдемі де әйбәт кітапты классигіміз Қа­дыр Мырза Әли «бұл менің нағыз олжам болды» деп көкке көтере, ағынан жарыла алғысын төгіп-төгіп айтуы тегін деймісіз?

Бір айтарлығы, Әлекең өмірде де, өнерде де сырбаз, эстет азамат. Жазушылық өнердегі қилы ше­берлікті қисынымен игерген.

Ке­мерінен асып төгілмейді, орынсыз әсіреқызылға берілмейді, шы­ғармадағы тіл шұрайын, өмір шырайын жеріне жеткізе құл­пыр­татын жерде әсте де кейін ше­гінбейді.

Жалаң баяндау мен жай­дақ ұраншылдықты маңайына жо­латпайды, жанына дарытпайды. Иә, оның эстеттігі көзді алдайтын кө­піршік, іші қуыс, сырты даңғаза жыл­тырақ емес, өмірдің қаз-қал­пындағы шынайы, мағыналы кө­рінісі.

Баяндалып, тәптіштеп түсін­діріліп емес, сөз суретімен көркем бейнеленіп берілген өмірдің өз көрінісі. Сылдыраған сұлуына ын­тықпайды, қазақтың жалпақ тілі­нің қаймағын қалқиды.

«Социализм әңгімелері» топ­­та­масы Әлібектің әлемін жарқыра­­та ашып тастағандай. Себебі Бюффон айтқандай, стиль дегеніміз­дің өзі адам ғой.

Осыған орайлас­тыр­сақ, біздің қаламгердің биік ин­теллектісі, зергер зерлегендей зер­­­делі парасат-мәдениеті нақ осы әң­­гімелерінен әдемі танылған­дай.

Бұдан әрі тереңдей қозғасақ, осы­­нау жоғары шығармашылық ізденіс интеллектісі жазушыны социализм тақырыбын қазақ қалам­герлері арасында бірінші болып қоясын ақтара, індете қаузауға же­телеген.

Социализм бұл арада жазушының тақырыбы ғана емес, оның кейіпкері. Көзкөрген, кө­ңіл сүзгісінен өткен жақсы танысы.

Жаңағы әңгімелерде осы кейіпкердің, яғни социализмнің тұтас бейнесінің мөлтек эскиздері жасалып, кейінде бұлдырап қалып бара жатқан образы тайға таңба басқандай етіп мүсінделеді.

Әрине, социализм деген үлкен қоғамдық формацияның, тарихи категория ұғымының түгел си­патын шағын әңгімелер топтама­сында толық айтып жеткізу мүм­кін емес, ол – мақсат та емес.

Ол үшін ондаған, бәлкім, жүздеген хи­каят, романдар жазылуы керек болар, жазылған, жазылып та жатыр делікші. Біздің авторымыз бәз біреулердей социализмді сыпыра мақтау немесе жек көре жамандап қара күйелеш етіп көр­сету ниетінен де аулақ.

Иә, ұнат­сақ та, ұнатпасақ та сол бір заман біздің тағдыр-тарауымыз, хал­қымыздың тағдыр-талайының үлкен бір кезеңі болып қалды. Шын­дығына келсек, біздің бір кез­дері сүйікті болған Советтер Ода­ғымыз социалистік қоғамда өмір сүріп жатырмыз деп жалпақ жаһанға өңешін жырта жар салса да, шынайы социализмді құра алмаған еді.

Шоң жазушы Шыңғыс Айтматов сол кездердің өзінде бір сапарынан оралғанда: «Нағыз социализм Швеция мен Норвегияда екен» деп айтқаны есімізде. Бұл орайда Асқаров ұлы Шықаңмен үндес шығып, еліміздегі кемелдену тұрмақ, көктемей қалған со­циализм келбетін келістіре сурет­теген демекпіз.

Айтпағымыз, осы ретте ізгі де игі нитетті утопиядан шыққан социализмнің еш кінәсі жоқ; кінә арман-аңсардағы сол із­гілікті қоғамды құра алмаған құ­рып қалғыр жүйеде. Әлібек-әлем бізге осы ақиқатты көркем сөзінің дестелі кестесімен ұқтырғандай.

«Мона Лиза» картинасын жақ­сы көріп, пір тұтқан Төлеужан. Сту­дент кезінен қайда барса тас­тамайды, алып жүреді; барған жерінде басына, қабырғаға іліп қояды.

Иә, әлемге әйгілі суретке қазақ баласының ықыласы түскен екен, ана жылы Парижден әкелген тәбәрік «Джоконда» менің де үй­дегі кабинетімде құрметті жерде тұр. Онда тұрған не бар дерсіз? Бар екен.

Соның түйінін Төлеужанның ауылдан келген анасы, қарапайым ғана қазақ әйелі – Гүлайым шешей шешіп береді. Ол суреттегі осы ару­ға ұлы үйленгелі жүр екен деп қалып, бұлқан-талқан. Шешесі бұл қызды баласына тең санамайды.

«Сонда сен... бәрін тәрк етіп, мынау атасы басқа буаз қа­тын­ға үйленгелі жүрсің бе? – деп сон­шалықты салқын раймен төсек­тің басындағы «Мона Лизаны» иегімен нұсқады.

– Тәте! – Төлеужан не дерін білмей, тілін тістеп сылқ етіп отыра кетті.

– Беті секпіл-секпіл, өзіңнен бес-он жас үлкен әйелде нең бар еді, ботам-ау?».

«Мона Лизаның» портреті әң­гімесіндегі бұл эпизодтың юморы бар болса да, сәл езу тартсаңыз да, юморсыз қабылдайсыз. Ойланып қаласыз.

Гәп тереңде, кілтипанның қырлары көп. Оған әңгімені зерделеп оқып шыққан ойлы оқыр­ман ғана бойлай алмақ. Ғасырлар бойы сыр ашпаған Мона Лиза­ның тылсым жымиысының жұмбағы осылай шешілді.

Сөйтсе, ол жүк­ті келіншектің бақыт шуағы бал­қытқан жымиысы екен ғой. Жұм­бақты табан астында шешіп берген қарапайым қазақ әйелі, Төлеужанның анасы Гүлайым ше­шей болып шықты. Анасынан артық па?

Суретті дар айырып жыртты да, ашулы ананың көңі­лін орнына түсірді. Осынау тосын түйіннен де талай тағылым тар­қатуға болғандай.

«Левитанның дауысы» әңгі­месінде «қырғи қабақ» соғыс жыл­дарының ауаны айшықталады. Бұл соғыс дегеннен жұрт әбден зәрезап болған ғой. Тауаны қайтқан, іш­тен мүжіліп тауы шағылған.

Мұ­қажан ақсақалдың жалғыз ұлы Герман соғысында қыршын кеткен. Оның кіндігінен тараған жал­ғыз немересі Қуанышбектің ес біліп есейген шағы мына бір теке­тірес, тоңтеріс заманға кез ке­леді.

Ендігі соғыс – атом соғысы бо­лады дейді, ол ешкімді аман қалдырмайды, тұқымыңды тұздай құртатын көрінеді.

Қара аспанды төндірген ылғи да бір суық хабар. Америка деген қоқаңдаған бір дұшпан шығып тұр. Ойпырмай, соғыс қашан шығып кетер екен деп елді үрей билеп алған.

Жамандық хабаршысы – қабырғадағы қара радио. Жүрек жарыла қорқатыны – Левитанның саңқылдаған зәрлі ­дауысы. Сөйтіп, жүргенде мелшиіп үнсіз тұрған радио кенеттен: ­«Тың­­даңыздар... тыңдаңыздар... тың­­даңыздар!» деп зәре-құтты алып саңқ ете түседі.

Осы аяздай зәрлі дауыс­тан тө­бесіне мұздай су құйып жібер­гендей, Мұқаңның жүрегі аузы­на тығылады... «Басталды сұм соғыс, жалғыз тұяқ тамырым да үзіле­тін болды» деп, сай-сүйегі сыздап, іш­тей мүжіліп, күңіреніп кетеді.

Радионың бір минуттай үнсіз қал­ған кідірісі жанды күйзелтіп, бір ғасырға созылғандай. Содан... содан не болды дейсіз ғой? Бұл жолы ғарышқа тұңғыш адам ұшыпты. Юрий Гагарин деген. Он беттік ша­ғын әңгіменің шымыр фабу­ласы осы ғана.

Бірақ ол сол бір алмағайып замана кел­бетін, жан қатпарларында жа­сырынған күйініштер мен алда­мыш-сүйініштерді қаз-қалпында көз алдыңызға келтіреді.

Осы жә­не одан кейінгі әңгімелерде де советтік насихаттың адам санасын улап тастағанын астарлап, мақтамен бауыздағандай қы­лып бипаздап, соншалықты шы­найы суреттермен жеткізеді.

Момақан, монтаны, аңқау, аңғырт, сужұқпас, көлгір, қуыршақ әрі қол­дан жасалған көсемсымақ мі­нез­дерді нанымды типтендіреді.

Советтік ұғымдағы жылты­рақ социализмнің нағыз сұрқы, көл­гірлігінің көкесі «Бутафория» әңгімесінен уытты сарказммен өт­­кір көрініс тапқан.

Бұл қоғамда­ғы дабылдаған істің, жалаулаған ұранның бәрі кәдімгі қып-қызыл өтірік, көкіме көзбояушылық еке­нін оқиғалы образдармен оңтай­лы ашады.

Осындағы тосын тап­қырлық сол жалғандыққа құдай­дай сенген адамның өзін шошын­дыра «астапыралла» дегізіп, құлатып түсіргендей...

Мәселе былай. Американың Ту­сон қаласынан келген меймандарды музей экспозицияла­ры­мен таныстырған гид, аршы­ған жұмыртқадай Айнаш қыз әуел­де ағылшын тіліне судай бо­лып көрінген.

«Пай-пай, жаңа заман­дағы қазақтың қызы-ай!» дегізіп сүй­сіндірген. Бірақ шетелдік қонақ­тың қойған қарапайым сұра­ғына көңіл бөлмейді, жауап та бер­мейді. Сөйтсе, ол қызымыз ағыл­шын тілінен мүлде мақұрым екен, экспозиция-экспонаттар туралы ағылшынша жаттап алғанын ғана судыратып айтып шығады екен.

Білдей бастық Исағалымның өзі бұдан бейхабар: «Осы біздің көп шаруамыз бутафория болып бара ма, қалай өзі? Бәрі де көзбояу, жал­ған...» деп мұңайып, көзі енді ашыл­ғандай, ұйқыдан жаңа оян­ғандай хал кешеді. Бұл жөнінде оқырманның да ойға батары хақ.

Осы тақылеттес пікір-пайым­дарды басқа әңгімелеріне де телуге әбден боларлық. Асқаров әң­гімелерінің бір сипаты – новелла тектес, сұлу сырлы, маржандай ызылған жұмыр болып келетін­дігі: Алаштың Ақселеу Сейдімбегі­не арналған «Қара құйын, ақ көй­лекті» қара сөзбен мөлдірете һәм тебіренте жырланған мұңлы ­поэма, шерлі дастан ба дерсіз.

Ол дастан адамды соншалық егілтер, айшуаққа малынған жабырқау әсерге бөлейді. Мұндағы қара құ­йын – сұм соғыс салған қасі­рет-қайғының, атың өшкір жоқшы­лық­тың, жадау тұрмыс пен таршылық қысасының жұлымыр бейнесі.

Ол ақ көйлек адамдардың шаттығын, балалық қызықты, әйел бақытын, жарқын күлкісін ұрлайды, мазақ қылып зар жылатады.

Түрлі адамдар, алуан мінез­дер, үркек те үргедек, үмітшіл неше­ме жағдайлар. Бір кейіпкері – Долдаш ағай аса кітапқұмар, бірақ тек бертінгі Герман соғысы туралы кітаптарды ғана оқиды.

Сөйтсе, ол солардың бірінде болмаса бірінде майданда қаза тапқан ағасы Мол­даштың аты кездесіп қала ма деп тел­міріп ізденеді екен. Қайда со­ғыс туралы кітап болса, соны алдыртып оқып шыққанша, байыз таптайды.

Енді бір әңгімелерде­гі (мысалы «Облава», «Саяси акция») біраз кейіпкерлер өзімізге сондай көзтаныс, жақын-жуық адамдар сыңайлы. Оқиғалар да таныс. Бір қырдың ғана астында қалған социализм тұсында орын алғаны еміс-еміс құлағымызға жетіп те жүргенін несін жасы­райық. Езу тартамыз.

Соны құл­пыртып түсірген Асқаровтың қы­­рағы байқампаздығына, сол, бір қарағанда, елеусіз жайттардан өрелі ой түйген жазушылық шеберлігіне, Алтай жыршысына айналып, кең өріске шыққан прозасына парасатты прагматизм тән екендігіне тәнті боламыз.

Ал осы қасиеттерден,байқампаздық пен суреткерлік шеберліктен мына қолымыздағы «Мона Лизаның порт­реті» атты оқырман олжасы болған әп-әдемі, аймаңдай кі­тап­тың дүниеге келгені қандай ғанибет.

«Жақсының жақсылығын айт» демекші, Асқаровтың сөз өне­ріндегі осындай қаламгерлік да­рынына рухани өміріміздегі қай­раткерлік қарымы қатар-қапталдас үйлесе ұласып жатуы да тегін емес.

Көзі қарақты қауым оның кезінде 31 томдық қазақша-орысша және орысша-қазақша ғылыми сала­лық терминологиялық сөздіктер топтамасын әзірлеп шығаруға атсалысқан атпал қарекетін жақсы біледі.

Бұл шын мәнінде де қазақ тілінің жаңа заманға сай дами түсуіне игі ықпал еткен, маңызы зор мәйекті басылым болған еді. Оның тағы бір тағылымды ісі тағы да әдебиет-мәдениет, руханият саласымен байланысты болды.

Осы жайды белгілі қайраткер һәм қаламгер азамат Сауытбек Абдрахманов өзіне жақында ғана Мемлекеттік сыйлық әперіп мерей­лендірген «Абыз Әбіш» тол­ғаныстар кітабында былай баяндайды:

«2003 жылы, ол кезде мен Ақпарат министрі едім, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 100 томдық «Әлем әде­биеті» сериясын жасақтауға кірі­сетін болдық. Әбіш ағамен ақыл­дасып, алдынан өтіп алайық деп, министрліктегі департамент директоры, жазушы Әлібек Асқаров екеуміз үйіне бардық. Сонда Әбе­кең айналасы үш сағаттың ішін­де (Клара апайдың біз барысымен қазанға салған еті былқып пісіп болғанша) адамның аузынан көркем сөз шыққалы бергі, ежелгі замандардан бүгінгі күнге дейінгі әдебиеттің бар асылын ағыл-тегіл ақтарып өтті... 100 том­дық тізімге кіргізуге кімдердің нен­дей шығармалары лайықты, қай шығармасын аударуға болатынын, кімге аударту керектігін, бұрын аударылған дүниелердің арнаулы редакторлығына кімдер лайықты деген сияқты қат-қа­бат мәселелердің бәрін дәуірі, ағым­дары, жанрлары, авторлары, ел­дері бойынша жіпке тізіп айтып шықты».

Кемеңгер Кекілбаев, абыз Әбе­­кең ағыл-тегіл әңгімені ақта­рып жатқанда, жалма-жан қалам-қа­ғазын қолға алып, керекті мәлі­меттер мен авторларды жай­лап түртіп қойып отырған Әле­кеңді көзге елестетемін.

Бұл ара­дағы сүйінерлік бір ғажап – азамат­та­рымыздың ақыл-парасаты, аса жауапты жұмысты береке-бір­лікпен ынтымақтаса әдемі атқа­рып шығуы. Ал осы ұлан-ғайыр жобаның қалың қара жұмысының басы-қасында қылау шығармай әрдайым аталмыш бағдарлама­ны іске асыру жөніндегі Қоғам­дық кеңестің жауапты хатшысы Әлі­бек Асқаров жүргенін біле­міз.

Қай жағынан да игілігі мол бағ­дарлама аясында әлем әде­биеті жауһарларының бірі «Моби Дик немесе Ақ кит» рома­ны қазақ оқыр­манымен біздің тәр­жіма ар­қылы қауышып еді.

Ана тілі­міздегі «Әлем әдебиеті» кітапха­насының жасақталуы орайында алғысқа аса лайықтылардың бірі осы азамат екенін сонда көзімізбен көрдік, көкейімізбен сезіндік.

Алтайдан тартып, «социализм» тақырыбына тіл бітіріп жан сал­ған, қазақ прозасында қарымды сөзін айтқан, әлем әдебиетіне жүз томдық жол ашып, суретшіліктен – суреткерлікке жеткен, әдемі әдептен ұлт зияткерінің өресіне көтерілген Әлібек Асқаров әлемі­нің ғибраты, әлбетте, бір ғана бұл әңгімемен түгесілмек емес.

Қорғанбек Аманжол,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Фото: adebiportal.kz


Соңғы жаңалықтар