Әлі де қауіп сейілген жоқ - Әлия Әбдіқайымова коронавирустың таралуы жайында

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бүгінде коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып тұр. Десе де санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары тұрғындардан барлық сақтық шараларына назар аударуды сұрайды. Бұл жағдай ҚазАқпарат тілшісінің Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымовамен сұхбатында әңгіме өзегіне айналды.

- Сөз басында Қызылорда облысындағы қазіргі кездегі коронавирус инфекциясына байланысты эпиджағдайға тоқтала кетсеңіз.

- Аймақта бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясының 3262 жағдайы тіркелді. Оның ішінде клиникалық белгісімен - 1801, клиникалық белгісінсіз - 1461 жағдай анықталды. Жүргізілген талдауға сәйкес коронавирус инфекциясы бойынша барлық тіркелген жағдайдың 69-ы сырттан тасымалданғаны нақтыланды. Ал қарым-қатынас арқылы 1292 адам жұқтырды. Сондай-ақ, скрининг нәтижесінде 1901 адамның науқасы белгілі болды.

- Қазір облыста коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бұған байланысты маман ретінде қандай болжам айтар едіңіз?

- Облыста соңғы рет коронавирус инфекциясына байланысты дерек 29 қазан күні тіркелді. Содан бері әзірге бірде-бір дерек анықталған жоқ. Айта кетейік, өңірде эпидемиологиялық ахуал тамыз айының соңғы күндерінен тұрақтана бастады. Атап айтқанда, 27 тамыз-10 қыркүйек аралығында коронавирус инфекциясының ешбір жағдайы болған жоқ. Бұл көрсеткішті бірнеше себеппен байланыстыруға болады.

Елімізде 5 шілде-17 тамыз аралығында қатаң локдаун енгізілді. Өз кезегінде бірқатар шектеулерге назар аударылды. Кей нысандардың жұмысын тоқтату арқылы адамдардың бір-бірімен араласуы шектелді. Халықтың көп шоғырлануы азайды. Сәйкесінше, бұл қарым-қатынас арқылы жұқтырып, топтық тіркелу жағдайының кемуіне әсерін тигізді.

Жалпы, коронавирус инфекциясының инкубациялық кезеңі (клиникалық белгісі жоқ жасырын кезең) орта есеппен 14 күн деп есептеледі. Бұл - адамнан-адамға қарым-қатынас арқылы тез таралатын қауіпті кезең. Сондықтан аталған уақытта әрбір азамат санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс. Мүмкіндігінше, осылайша екінші адамға жұқтыруға бөгет жасалса, оның таралу жолдары тоқтайды.

- Бұл орайда қандай мысал келтірер едіңіз?

- 27 тамыздан бастап 10 қыркүйек аралығында облыста бірде-бір КВИ тіркелген жоқ деп айтып өттім. Яғни, ішкі қарым-қатынас арқылы жұқтыру қаупі шектелді. Соның нәтижесінде аурудың топтасқан жағдайы кездеспеді. Сонымен қатар бір ауру ошағынан қарым-қатынастар арасынан тіркелген жағдайлар болмады.

Тағы бір айта кетерлігі, Қызылорда облысында шетелден келетін тікелей халықаралық рейстер жоқ. Оған қоса өзге мемлекеттермен шектесетін автоөтпелер орналаспаған. Шетелден, басқа облыстан студенттер келмеді. Бұл да өз кезегінде коронавирусты өңірге тікелей алып келу қаупін төмендетуге ықпалын тигізді.

Қатерлі дерт көбейген алғашқы кезеңде жоғары оқу орындары қашықтан білім беру форматына көшіп, өңірге студенттер жаппай келді. Сол сәтте жастар коронавирустың ауыр салдарын дұрыс түсінген жоқ. Бір-біріне қонаққа барып, басқосу ұйымдастырды. Соның салдарынан ауруға шалдыққан адамдар тез көбейіп кетті. Бүгінде мұндай жағдайлар тиісті орындар тарапынан қатаң бақылауда ұсталып отыр. Мониторингтік топтар бұл бағытта тұрақты түрде рейд жүргізіп келеді.

- Әлемдегі және еліміздегі эпидахуалды ескере отырып қауіп әлі де сейіле қоймағанын аңғару қиын емес...

- Рас, бізге қауіпті індетке селсоқ қарауға болмайды. Өзіңіз айтқандай, алыс-жақын шетелдер мен еліміздің өзге өңірлерінде әлі де оған байланысты қиын ахуал туындап отыр. Оған қоса тұрғындардың жұмыс барысы, өзге де қажеттілігіне байланысты миграцияны да естен шығармауымыз тиіс. Сондықтан әлі де қауіп бұлты сейілген жоқ. Сондықтан азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Оның ішінде, бетперде тағып, әлеуметтік қашықтық пен тазалық сақтаудың аса маңызды. Егер оны ұстанбасақ, пандемияға қарсы күресте оң нәтиже болмайды.

- Бұл орайда тұрғындарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Бүгінгі күндері әрбір адам жауапкершілікті сезініп, сақтық шараларын қатаң ұстануымыз тиіс. Мұндай қағиданы күнделікті өмірде қалыпты әрекеттің біріне айналдыруымыз керек. Атап айтқанда, жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және халық көп жиналатын орындарда мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз. Егер мүмкіндік болса, кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технология көмегімен байланыс орнатыңыз. Қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікерде маска киіп жүруді ұмытпауымыз тиіс. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің дене қызуын жиі өлшеп тұрыңыз. Өзге де сақтық шараларын сақтаңыз.


Соңғы жаңалықтар