Алғыс арқалаған азамат: Асқар Жанбуршиев 30 жылдан астам уақыт жүргізуші болып істейді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ең үлкен бақыт - сүйікті ісіңмен айналысу. Бұл - Маңғыстау ауданына қарасты Шебір ауылының тұрғыны Асқар Жанбуршиевтің өмірлік ұстанымы. Тәуелсіздік алған 30 жылда шалғайдағы шағын ауылды облыс орталығымен жалғап жүрген ол бұл істі мұқтаждық емес, құштарлықпен атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы уақытқа дейін Шебірден облыс орталығы Ақтау қаласына түрғындарды тасып, жалғыз такси жүргізушісінің қызметіне тұрғындардан еш шағым түспепті.

Сенім артып, шаруасына асыққан әр жолаушыны діттеген жеріне жеткізуді көздейді.

Шалғайдағы Шебірден облыс орталығына жолаушы тасу оған айтарлықтай табыс түсірмейді.

Дегенмен, ақшадан гөрі ауылдастарының алғысын алуды қымбат санайтын ол сүйікті ісінен ажырамақ емес.

«Менің бұл мамандыққа деген қызығушылығым ерекше болды. Ең алғаш «Кавз» автобусымен жолаушыларды тасымалдап бастадым. Себебі мен, ауылдастарымды айтқан жеріне жеткізіп, рахметін алсам сол сүйікті ісімнің нәтижесі деп білемін. Одан бөлек «Қаламқас», «Қаражанбас» өндіріс орындарына жұмысшыларды тасимын. Кейінгі уақытта «Пазик» автобусын да жүргіздім. Өсірген ұл-қызым жақында заман талабына сай «Газель» микроавтобусын сыйлады. Шыны керек, өзімнің ұнатып жүрген кәсіби ісіме осындай көлік сыйлағанда іштей қуандым. Өткенге көз жүгіртіп қарасам, ұзақ жылғы еткен еңбек жолымда ешқандай жол апаты, басқа да жағдайлар орын алған емес. Зейнет жасынан кейін бұл істі ұлыма тапсырамын»,- дейді Асқар Жанбуршиев.

Асқар Жанбуршиев - бүгінде халық ықыласына бөленген ауылдың сыйлы азаматы.

Ұзақ жылдарға созылған абыройлы қызметінің арқасында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің «Құрметті автокөлікші» төсбелгесімен марапатталған.

Бірнеше мәрте аудан, ауыл әкімдерінің алғыс хатын иеленген.


Соңғы жаңалықтар