Алғашқы қар: Нұр-Сұлтанда бір күнде 50 жол апаты болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Автокөлік иелерінен ауа райының нашарлауына байланысты жолдарда абай болу сұралады, деп жазады ҚазАқпарат елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Өткен тәулікте қала аумағында 50 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір адам дене жарақатын алған.

Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жүргізушілерді қозғалыс кезінде барынша мұқият және сақ болуға, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты және маневр жасау ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады.

Жүргізушілер үшін ең қауіптісі – көлік құралдарының тежеу жолын ұзартып жіберетін алғашқы қар. Сондықтан кенеттен маневр жасаудан және тежегішті басудан аулақ болған жөн.

Жаяу жүргіншілер жолды кесіп өткен кезде автомобильдің ылғалды және тайғақ жолда тез тоқтай алмайтындарын ескерулері қажет. Өзіңізді жол апатынан қорғаудың жалғыз жолы – барынша мұқият болу және асықпау.


Соңғы жаңалықтар