Әлеуметтік желіге экстремистік видео жүктеген елордалыққа айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желідегі парақшасына тыйым салынған мазмұндағы дәрісті жариялаған елорда тұрғыны 55 мың теңге айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желідегі парақшасында діни мазмұндағы видео және аудио дәрісті орналастырған 37 жастағы әйелді анықтады.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистикасы және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сараптамасы бойынша дәрістер Қазақстан аумағына әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған лаңкестік мазмүндағы материалдар болып танылған.

Әйелге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 453-бабы («Қазақстан Республикасы аумағында бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерін, және өзге де өнімдерді дайындау, сақтау, кіргізу, тасымалдау, тарату») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен әйелге 20 АЕК (55 560 теңге) көлемінде айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар