Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектерге 21 мыңнан астам оңалту құралы берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік қызметтер порталын (әрі қарай – портал) іске қосқан ағымдағы жылдың басынан бері, ол арқылы мүгедектігі бар адамдар үшін 21, 3 мың оңалтудың техникалық құралы (әрі қарай – ОТҚ) берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызмеітне сілтеме жасап.

Портал мүгедектігі бар адамдарға ОТҚ өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмектің кепілдік берілген түріне тапсырыс беру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген ОТҚ-ны жеткізу арқылы немесе өз бетінше алып кетуге болады.

Қазіргі уақытта порталда ОТҚ-ның 55 түрінің 24-і қолжетімді. Оларды жеке таңдау қажет емес. ОТҚ-ның жеке таңдап беруді қажет ететін қалған түрлері 2021 жылы порталға ауыстырылатын болады.

Қазан айында портал арқылы жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтеріне тапсырыс беру, сондай-ақ санаторлық-курорттық емдеу мекемесін таңдау бойынша функциол пилоттық режимде іске қосылды. Ағымдағы жылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша жеке көмекшінің қызметтеріне 47, ымдау тілі маманының қызметтеріне 44 және санаторлық-курорттық емдеуге 15 тапсырыс жасалған.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбаларды ұсынуды қамтиды.

Еске сала кетейік, электрондық ресурс мүгедектігі бар адамдарды қажетті қызметтермен және жеткізушіден тікелей ОТҚ-мен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Қазіргі уақытта порталда 772 жеткізуші тіркелген, оның 25-і ОТҚ ұсынады. 747 ұйым арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін болады. Министрлік жеткізушілердің санын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде көзделген.

1411 нөмірі бойынша колл-орталықтан порталды пайдалану бойынша консультация алуға болады.


Соңғы жаңалықтар