Әлеуметтік қызметтер порталы 93 мыңнан астам қызмет көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 93 мыңнан астам қызмет алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше алып кету арқылы алуға болады. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

2021 жылғы 1 сәуірдегі деректер бойынша 43,7 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралын (ОТҚ), 6,5 мыңы – ымдау тілі қызметін, 30,8 мыңы – жеке көмекші қызметін, 12 мыңы – саноторлық-курорттық ем алды. Сондай-ақ, портал арқылы 26,4 мың табысы аз отбасы әлеуметтік топтама алуды ресімдеді.

Бұдан басқа, жыл басынан бері МАБ арқылы телефон нөміріне sms-хабарлама жіберу арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 5,3 мың құжат проактивті түрде ресімделді.

2020 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Электрондық үкімет порталында (eGov.kz) мүгедектігі бар адамдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік қызметтерін көрсетуге электрондық өтінім беру мүмкіндігі іске асырылды. Оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге арналған 14,8 мыңнан астам құжат Электрондық үкімет порталы арқылы ресімделді.

«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдар жеке іріктеуді талап етпейтін ОТҚ-ның 74 түрін сатып алу мүмкіндігіне ие. Мысалы, киюге арналған түрлі құрылғылар, жаялықтар, тазартқыштар. Бұдан басқа, Портал арқылы жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтеріне және санаторлық-курорттық емделуге тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ, табысы аз отбасылардың кепілдік берілген әлеуметтік топтама алу мүмкіндігі бар. «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар аясында қарастырылған. Call-орталықтан 1411 нөмірі арқылы Порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады», - деп аталып өткен министрлік хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар