Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-съезінде қандай мәселелер талқыланбақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-съезі жаңа тәсілде ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, кеше хатшылық жұмыс тобының отырысы өтіп, онда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары 7-съезінің жалпы және секциялық отырыстарының тақырыбы бойынша жұмыс тобы мен хатшылық мүшелерінің 49 ұсынысын жинақтау жүргізілді.

«2022 жылы 7-съезге шақырылғандардың тізімін қалыптастыру жұмыс жалғасып жатқанын айта кету керек. Дайындық кезеңінде съездің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі ақпараттық жұмысқа баса мән берілген. Мәселен, қазіргі уақытта ірі халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында мыңға жуық материал жарияланды. Фейсбук, Телеграм, Инстаграм әлеуметтік желілелерінде 3 мыңнан астам жарияланым орналастырылды. Жұмыс тобының мүшелері мен съезд хатшылығының қатысумен бірқатар түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Соңғы уақытта ғана Үндістан, Пәкістан, Женева, Чехия және Сауд Арабиясында съездің мақсаттары мен міндеттерін ілгерлетуге арналған іс-шаралар ұйымдастырылған. Сондай-ақ Армения, Венгрия, Германия, Иран, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Түркияда осындай іс-шаралардың жоспарланғанын атап өткім келеді», - деді Серік Егізбаев.

Вице-министрдің айтуынша, жұмыс тобының отырысында дінаралық және мәдениетаралық диалогтың рөлі мен маңызы, рухани-адамгершілік құндылықтар, әлемнің пандемиядан кейінгі жағдайында 7-съезд жұмысын жаңа тәсілде өткізу қажетті туралы пікір алмасылған.

«Мәселен, Мухаммед бен Абдулуахед әл-Арифи пандемия адам өмірінің көптеген салаларына әсер еткенін атап өтті. Осыған байланысты рухани құндылықтарды сақтауға ден қою қажет. Архиепископ Юрий Новгородов пандемия көптеген жаңа нәрселерді, соның ішінде цифрландыруды әкелгеніне назар аударды. Сондықтан діни қоғамдастықтар мен олардың көшбасшыларын қазіргі әлемнің шынайылығында адамгершілік қағидаларын қалыптастырудағы рөлі туралы мәселе туындайтындығын айтты. Қатысушылар 7-съездің жұмысы мен форматы әлемді одан да қауіпсіз, толерантты, болжамды ету үшін сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету, мәдениеттер, халықтар мен діндер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тәсілін белгілеу тиіс екендігін атап өтті», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Үндістанның «Сомайя Видьявихар» университеті конфессияаралық қарым-қатынас және өзара түсіністік бағдарламасының хатшысы Рудракша Сакрикар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың съезді және түрлі дін өкілдерінің жеке кездесуін өткізу жөніндегі бастамасының маңыздылығын айтқан.


Соңғы жаңалықтар