Әлемдік экономиканың қалпына келу белгілері қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев даму қарқыны бойынша Халықаралық валюта қорының сәуірдегікөрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты вакцинациялау қарқыны әлемдік экономиканы қалпына келтірудің басты шартына айналды. Израиль, АҚШ, Ұлыбританияны қоса алғанда, дамыған елдер жаппай вакцинацияны бірінші болып бастады, аурудың төмендеуін тіркеп, қатаң шектеулерді біртіндеп алып тастады. Израиль басқа елдерден озып, биылғы жылғы сәуірде ересек тұрғындардың вакцинациялануын аяқтауды жоспарлап отыр. Еуроодақта коронавирус таралуының жоғары деңгейіне және вакциналарды жеткізудегі кідірістерге, соның ішінде өндіруші елдердің вакциналық протекционизміне байланысты қатаң шектеулер қолданылуда», - деді ҰБ басшысы Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурызда елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, вакциналау қарқыны бойынша дамушы елдер дамыған елдерден айтарлықтай артта қалып отыр, бұл әлемдік экономиканың біркелкі қалпына келуіне кедергі келтіреді. Вакцинациямен ілгерілеу есебінен дамыған елдер рецессиядан бірінші болып шығады және әлемдік экономиканың өсу драйверлеріне айналады.

«Халықаралық валюта қоры сәуірдегі баяндамасында әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжамды 2021 жылы 5,5 пайыздан 6 пайызға дейін жақсартты. Оның ішінде дамыған елдер бойынша – 4,3 пайыздан 5,1 пайызға дейін, дамушы елдер бойынша – 6,3 пайыздан 6,7 пайызға дейін жақсартты. Қазақстан бойынша Халықаралық валюта қоры 3,2 пайыз деңгейінде өсуді күтуде, бұл алдыңғы болжамнан 0,2 проценттік тармаққа жоғары», - деді Е. Досаев.

«Биылғы жылғы наурызда жаһандық экономикалық белсенділік индексінің 53,2 тармақтан

54,8 тармаққа дейін өсуі әлемдік экономиканың қалпына келу белгілерін растайды, бұл соңғы 6,5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Индекске АҚШ үлкен үлес қосты, онда индекс 59,7-ге жетті, бұл жеке сектордағы 2014 жылдан бергі ең тез қалпына келуді білдіреді. Сонымен қатар Германия, Ұлыбритания, Үндістан, Австралия және Қытай ең көп үлес қосты», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар