Әлемдік діндер съезі: «Ерікті елші» атағын беру ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының мүшелеріне «Ерікті елші» атағын беру керек. Мұндай ұсыныс аталған съездің XVIII хатшылығы отырысында жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Съезд хатшылығы мүшелеріне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің «Ерікті елшісі» атағын беру туралы мәселе жан-жақты талқыға түсті. Ерікті елшілер съезд атынан және тапсырмасымен түрлі әлемдік диалог алаңдарында съездің идеялары мен тұжырымдамаларын насихаттау сөз сөйлеу құқығына ие болар еді», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов.

Сонымен қатар, ол жұмыс тобының мүшелері алдағы съездің секциялық отырыстарының форматын өзгертіп, мазмұнын байыту мәселесіне қатысты да ұсыныстар бергенін айтты.

«Жұмыс тобының қатысушылары секциялық отырыстарды ұйымдастырудың жаңа форматтарын әзірлеу туралы шешім қабылдады. Жұмыс тобының барлық мүшелері Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Назарбаев орталығымен өз елдерімен, серіктес елдердегі беделді халықаралық ұйымдармен, ірі діни орталықтармен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді» - деді вице-министр.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съез қорытындылары мен Хатшылық қызметінің келешегі бойынша пікір алмасылуда. Содан кейін 2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу бойынша ұсыныстар талқыланып жатыр.



Соңғы жаңалықтар