Әлемдегі коронавирус: Ұлыбританияда жаңа штамм, Румыниядағы ауруханалар лық толы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлыбритания мен Ирландияда Covid-19 өршіп тұр. Италияда күн сайын ковид-сертификат енгізуге қарсылық танытушылар шеруге шығып жатыр, ал Румыниядағы ауруханалар COVID-19 ауыр түріне шалдыққан науқастарға толып тұр. Бұл туралы ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлыбританияда Covid-19 өршіп кетті. Соңғы аптада көрсеткіш 16%-ға өскен. Сарапшылар бұл жағдайды коронавирус жаңа штамының таралуымен байланыстырды. AY.4.2 түрі шілде айында анықталды, ал қазір инфекциямен түскен барлық науқастың 6%-ы осы штамға тиесілі. Бір тәулік ішінде 223 науқас қайтыс болды, бұл наурыз айынан бері тіркелген жоғарғы көрсеткіш.

Сонымен бірге, Ұлыбритания билігі жаңа санитарлық шектеу енгізуді әлі жоспарлап отырған жоқ.

Италияда күн сайын ковид сертификаттарды енгізуге қарсылық танытушылар шеруі өтіп жатыр. Триеста портында полиция елдің түкпір-түкпірінен келген наразылық білдірушілерді тарату үшін су шашатын құрылғы қолданды. Акцияға қатысушылар төрт күн бойы порт қақпасын жауып тастады.

Ирландияда ұзақ уақыт шектеулерден кейін түнгі клубтар ашыла бастады, бірақ ел билігі ауруханалардың лық толуы мен ауруға шалдыққандар санының өсуіне байланысты көптеген санитарлық шараларды алып тастау жоспарын қайта қарады.

Румыния ауруханаларында COVID-19 ауыр түріне шалдыққан науқастарға орын жетіспей жатыр. Билік мобильді госпитальдер ұйымдастырып жатыр, бірақ олар да науқастарды қабылдап үлгермей жатыр, деп жазады Euronews .

Елде 1 750 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Кейбір науқастар бірнеше күн бойы жедел жәрдем көлігінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Кейбіреулері ауруханаға кірместен қайтыс болуда. Оның себебі - вакцинацияның төмендігі. Румыния Еуроодақтағы вакцина алу қарқыны ең төмен мемлекет. 19 миллионнан астам халқы бар елде тұрғындардың 35,2%-ы екпенің кем дегенде бір дозасын алған, 29,4%-ы толығымен егілген.


Соңғы жаңалықтар