«Әлем Назарбаев сілтеген жолға бәрібір түседі» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. /ҚазАқпарат/  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 3-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақ елінің азматтары бөркін аспанға атар жай бар. Қазақстан ЕҚЫҰ Төрағалығы тізгініне ие болды! Афиныда өткен ЕҚЫҰ-ның министрлер кездесуінде мынадай мазмұндағы декларация қабылданды: «Біз ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасында Орталық Азияда бірінші болып Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ Төрағасы болуын құп көреміз. Біз Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін  өткізу туралы ұсынысын оңынан қабылдаймыз. Біз мұндай мәртебелі жиынның маңызы мен мазмұнына сай тиісті дайындық жасаудың қажеттілігіне назар аударамыз. Біз өз шешімімізді негіздеу үшін ЕҚЫҰ-ның күн тәртібіне прогресс дәрежесін анықтау мақсатында Тұрақты Кеңеске консультациялар өткізуді тапсырамыз», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, осы аптада Афины қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 17-ші отырысы басталған. Оған Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрі - Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев бастап барған. «Төрағалық Қазақстанда» деген тақырыппен берілген мақалада Қ.Саудабаевтың «Еуропалық режимде жай қаруларға бақылау жасау және сенім мен қауіпсіздік шараларының сақталуын біз қолдаймыз. Барлық мемлекеттердің бүгінде тұйыққа тірелген  жағдайды еңсеру үшін жұмылатынына сенімдіміз» деген сөзі келтірілген. 

Осы басылымда жарияланған келесі мақала «Бұл - біздің ортақ табысымыз» деген тақырыппен берілген. Онда қазақ елінің бастамасымен БҰҰ 2010 жылды «Мәдениеттердің жақындасуының халықаралық жылы» деп жариялап, арнайы резолюция қабылдағаны, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезі 2012 жылы Астанада өтетіндігі айтылған. Басылымның жазуынша, бұл жаңалықтарды кеше Астанада ашылған осы съез хатшылығының ІХ отырысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен.

«Айқын» газетінде жарық көрген тағы бір мақала «Әлем Назарбаев сілтеген жолға бәрібір түседі» деген тақырыппен берілген. Жарияланымға ағымдағы жылы жарық көрген Мемлекет басшысының «Бесінші жол» атты мақаласы өзек болған. «Біз осы мақалада «Елбасымыз CDR жүйесін неліктен «ғұмыры қысқа деп атады?» деген сұраққа жауап бермекпіз», деп жазады басылым.   Басылымның берген жауабын бүгінгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

 

«Корейлер Қазақстанды Байқоңыр айлағы арқылы таниды». Осы тақырыппен «Нұр Астана» газетінде жарық көрген сұхбат Сеул қаласында  10 жылға жуық тұрып жатқан Ғалия Әлімовамен арада өрбіген. Екеуара әңгіме барысында ол «алғаш Оңтүстік Кореяға келген кезде «Қазақстан» дегенде көпшілігі таңырқап қалатын. Қазір тани бастады. Тіпті Қазақстанның мұнайы, газы және «Байқоңыр» атты ғарыш айлағы бар екенін атап беретіндер де бар», депті.

Осы басылымда жарық көрген келесі мақала «Жарапазаншылар жарысына» хош келдіңіз!» деген тақырыппен жарияланған. «Қазақ әншілерінің абырой-беделінің басты барометрі той десек қателеспейміз. Той-томалаққа қай әнші көп шақырылса, соның әні елге жетімді, сөзі өтімді, өзі танымал саналады. Алайда осы тойшылықтың өнерді өрлетуге септігі бар деу қиын. Керісінше, қазақ әншілерінің түбіне той жетіп жүрмегей», деп жазады «Нұр Астана» басылымы.

«Жас ұрпақтың бойында Отанға деген ыстық сүйіспеншілікті қалыптастыру - қасиетті борыш. «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында бас қосқан ауғандық ардагерлер аузынан осы тақілеттес сөздер жиі айтылды. Олар Орталық Азия елдерінің, Балтық, Ресей, және Қазақстан интернационалист-жауынгерлер ұйымдарының форумына жиналған  болатын», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Аталған жай төңірегіндегі толық мағлұматты басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Қаһармандар рухына тағзым» деген мақаладан оқуға болады.

Осыдан екі күн бұрын елорданың Ақорда алаңында орналасқан Жаңа жылдық бас шыршаның шамын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаққан болатын. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінде «Шырша нұрын шашады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, 30 метрлік бас шыршаны безендіруге 1,5 мыңға жуық ойыншық пен жарық диоды, 2 шақырымдай сторбоскоптар, плейлайт және белтлайттар пайдаланылған.

«Астана ақшамы» басылымның айқара бетінде «Сыншылдық сарын, парасатты пайым» атты мақала жарық көрді. Көлемді мақала Қазастанның халық жазушысы, сенатор Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай басылған. Сонымен қатар бірқатар қаламгерлердің пікірлері қоса жарияланған.

«Астанада «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша екінші конкурстың қорытындысы шығарылды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты. Бұл сыйлықты Елбасы өткен жылы қаңтарда Жезқазғанда өткен Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі форумында тағайындаған болатын. Басылымның жазуынша, еліміздің 28 кәсіпорыны лауреат деп танылып, күміс, алтын, қола наградалармен марапатталған.

«Известия-Казахстан» басылымның хабарлауынша, ағымдағы жылы бұл байқауға еліміздің 320-дан астам кәсіпорыны қатысқан. Гран-при иегері болып «Торғай-Петролиум» мұнайгаз өндіру компаниясы танылған.

Аталған жайтқа орай «Айқын», «Литер», «Экспресс-К» басылымдарында да мақалалар жарияланған.

«Экспресс-К» басылымының жазуынша, желтоқсанның 1-інен бастап ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі болып Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Сәбит Қожаметов тағайындалған. Сонымен қатар ол Байқоңыр аумағына кіретін  Ақай ауылдық округі мен Төретам елдімекенінің дамуы мен қызметін үйлестіретін болады. 

 «Сүтті Сингапурдан әкелетін жағдайдамыз». «Экономика» газетінің бүгінгі санында осы тақырыппен мақала жарық көрді. Онда шағын ауылдың күйбің тіршілігін суреттей келе, «Қазақстанда сүт өнімдерін өңдейтін 250 шағын зауыт бар екен. Олардың жалпы қуаттылығы  күніне 5-50  тонна аралығында. Елімізде халықтың сұранысын толық өтемесе де, жартылай өтеуге мүмкіншілік жоқ емес, бар. Бірақ сүт елімізде қайта өңдеуден аз мөлшерде өтеді екен. 2008 жылы ел ішінде өндірілген өнімнің 31,6 пайызы ғана қайта өңделіпті. Бұл 2007 жылғы көрсеткішке қарағанда, 1,4 пайызға төмен екен. Мәселен, өткен жылы 31 пайыз сары май импортталған. Ірімшіктің 61,3 пайызы - шетелдікі. Қоюлатылған сүт пен қаймақтың 85 пайызы елге сырттан тасымалданады», дейді автор.

 Осы басылымда  Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен арадағы сұхбат жарық көріпті. «Бүгінгі күні өнеркәсіптік өндірістің көрсеткіштері артуда. Жыл соңына дейін біз өткен жылдың деңгейін бағындырамыз деп болжап отырмыз. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндіріс көлемінің көрсеткіштері 87,8 пайызға артты. Бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылды. Жыл басынан бері бізде 13 индустриалды жобалар қолға алынған болса, солардың 11-ін іске қостық. Жыл соңына дейін тағы 2 жоба жолға қойылады.  Олар - Ақсу ферроқорытпа заводындағы агломерациялық цех және Павлодар қаласындағы сұйық сабын шығару цехы. Тұтастай алғанда, қазіргі уақытта облыстың жалпы жағдайы жақсы, алаңдатарлық мәселе жоқ. Әлеуметтік көрсеткіштер де жақсарды. Облыста бағаны негізсіз көтеруге жол берілген жоқ. Өңірде аз қамтылған азаматтардың саны 31 пайызға қысқарды. Ең бастысы - біз жұмыссыздық деңгейін қатаң бақылауға алып, жұмыссыздар санының өсуіне жол бермедік», дейді әкім «Экономиканы еселей отырып, халықтың әл-ауқатын одан әрі арттырамыз» тақырыбымен берілген сұхбатта.  

Соңғы жаңалықтар