«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі: саясаткерлер не дейді?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Астанада «Н.Ә.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі және қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері» деген тақырыпта саясаттанушылардың халықаралық конгресі өтті.

Саясат сойылын соғып жүрген сарапшылар мен мамандар жаһан жұртшылығына танымал болған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Қазақстан Президентінің бүкіл әлем халқы мен көшбасшыларына арналған тарихи жолдау  екенін алға тарта, өз ойларын екшелей түті.  Бұл ретте, манифест Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми құжаты атанғанын баса айта кету керек.  Қарусыздану мәселесі  бүкіл адамзат үшін ортақ мәселе екенін ескере отырып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне сайланған Қазақстанның саясаткерлері қару-жараққа тыйым салу түйткілін талқылады.

«Ядролық ғасырдан  азат болашаққа» деген тақырып аясында Қазақстанның ядролық сынақтарға дейінгі және одан кейінгі өмірін, ядролық қарудан бас тартқанға дейінгі және бас тартқаннан кейінгі әлем алдындағы беделін салыстырып келген Халықаралық Түркі академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов ядролық қару бір ғана ел үшін емес, бүкіл адамзат үшін аса қатерлі «ойыншық» екенін айтты.

«ХХ ғасырда жаппай қырып-жоятын ядролық қарулар тек АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция секілді елдердің ғана уысында болса, бүгінгі таңда ондай тажал қару шығаруға техникалық мүмкіндігі жеткілікті мемлекеттердің саны 40-қа жетіп отыр және олардың арасында экономикалық тұрғыдан әлсіз елдер де баршылық. Бұл  қай тұрғыдан болсын, өте қауіпті сын-қатер екені дау туғызбайды. Өйткені, түптің-түбінде ол  күллі өркениет пен адам баласының тегіс жойылып кетуіне апаратын тұйық та қатерлі жол. Сондықтан, үстіміздегі жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «Мұндай соғыс басталса, одан бірде-бір мемлекеттің аман қалуы мүмкін емес және бүгінгі таңда лаңкестердің ядролық қаруға қол жеткізу мүмкіндігі нақты шындыққа айналды. Мұндай жағдайда әлем лидерлері күш біріктіріп, аталған сын-қатермен бірге күреспесе, тым кеш болады» деген болатын Вашингтонда өткен төртінші Ядролық сынаққа қарсы саммиттің мінберінен сөйлегенсөзінде»,-дейді Ә.Ахметов.

Осы орайда, еске түсіре кететін бір жайт бар: Қазақстан   осыдан 25 жыл бұрын әлемде бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құрған, сондай-ақ, бейбіт атомға алғаш жол ашқан мемлекет екенін білеміз. Бұл бастаманы жалғастырған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада ядролық қарусыз тағы да алты аймақ құру туралы үндеу айтқан кезде, Ядролық қаруға қарсы саммит қатысушылары орындарынан тұрып, қол соққан еді. Мұнымен қоса, 2015 жылы МАГАТЭ-нің біздің елімізде Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойғаны да бейбіт атомды қолдауға бағытталған бүкіләлемдік мәні бар ірі қадам болды. Сол қадамды да алғашқы болып Қазақстан жасап отыр.

«Осыдан 25 жыл бұрын әлемдегі ең ірі ядролық Семей сынақ полигонын өз шешімімен жапқан Қазақстан Республикасы Президентінің батыл бастамалар жасауына толық моральдық негіз бар. Шындығында да, егер осыдан ширек ғасыр бұрын біздің Президент өз Жарлығымен Семей полигонын жаппағанда, Қытай Халық Республикасындағы Лоб-Нор да, АҚШ-тың Невада штатындағы ядролық сынақ полигоны да, әлем мұхиттарындағы атомдарда орналасқан Ұлыбритания мен Францияның ядролық сынақ полигондары да ядролық тажал сынақтарын әлі күнге дейін тоқтатпаған болар еді. Бұл жерде біздер әлем саясаттанушыларының назарын және бір түйінді мәселеге аударғымыз келеді. Басын ашып айтуымыз керек, Қазақстанда Семей ядролық сынақ алаңы толық жабылды. Бірақ, әлемдегі өзге сынақ полигондарының жұмыстары уақытша тоқтағанымен, олар әлі күнге дейін толық жабылған жоқ, сақталып қалды. Демек, бұл түбегейлі шешімін таппаған әлемдік сын-қатер және бұл қатердің түйіні өз-өзінен шешіле де қоймайды»,-деді конгресте сөз алған Ә.Ахметов.

Профессордың пайымдауынша, ендігі қатер бір келсе атом стансаларынан келуі әбден мүмкін.

« Халықаралық терроризмнің етек алуына байланысты ендігі алапат сын-қатерлердің бір парасы әлемдегі атом электр стансалары десек, артық айтқандық емес. Өйткені, биыл лаңкестердің Бельгиядағы атом электр стансасын жармақ болған әрекеті бұған нақты дәлел бола алады. Бұл тұрғыдан келгенде, бүгінде әлемнің 31 елінде электр қуатын өндіретін 192 атом стансасының бәрі де осы сын-қатерлерге жататын нысандар екені күмән тудырмаса керек. Бұлардан бөлек қазір тағы да 72 ядролық блок іске қосылып жатыр екен. Олардың көпшілігі: Қытайда  28, Ресейде  10, Үндістанда  6, АҚШ-та  5, Оңтүстік Кореяда  5, Жапонияда  2, БАӘ-де  2. Демек, ядролық қауіп те, ядролық қалдықтар да аталмыш блоктармен қатар ұлғайып келеді»,-деді сөзін осы цифрлармен дәлелдей түскен Ә.Ахметов.

Міне, дәл осы тұрғыдан келетін болсақ, Президент Н.Назарбаевтың «Әлем ХХІ ғасыр» атты манифесінің мәні зор. Бұл ғаламдық құжатта Елбасы қазіргі заманда күллі әлемде етек алып отырған милитаризм мен халықаралық терроризмнің адамзатты орны толмас шығындарға ұшыратып  қана қоймай, мүлде жойып жіберуге де шақ қалып тұрғаны өте салмақты дәйектермен дәлелденген.  Бұл құжат арқылы Назарбаев әлем лидерлерін тым кеш қалмай тұрғанда, ақылға келуге шақырады. Сосын, тек осымен ғана шектеліп қалмай, аталмыш манифесте шиеленістердің алдын алуға бағытталған нақты шаралар да өте нанымды айқындалған. Мәселен, үстіміздегі жылы ХХІ ғасырда басталып кету қаупі төніп тұрған шиеленістер мен соғыс өртінің одан ары тұтанып кетуіне мүмкіндік бермеуді көздейтін БҰҰ-ның арнайы халықаралық конференциясын өткізу қажет екеніне үлкен мән берілген. Және бұл шараны кешеуілдетпей, тез іске асыру қажеттігі де баса айтылған.

Саясаттанушылар арасында сөз алған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасымыздың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің әлемдік қоғамдастық үшін маңызына тоқталды. «Манифестті өзіндік үнқатысудың жол картасы деуге болады. Біздің еліміз енді жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін жоғары деңгейде қарастырмақ. Мемлекет басшысы өзінің манифесінде «Соғыссыз әлем» мәселесін көтерді»,-дейді Б.Майлыбаев.

«Соғыссыз әлем» демекші, конгреске қатысқан саясаттанушылар ешқандай мәні жоқ  әскери одақтардан бас тарту қажеттігіне ерекше тоқталды. Расында да, мұндай әскери одақтар халықаралық ынтымақтастыққа зиянын тигізіп келеді. Сондықтан, әлемдік қоғамдастық осындай мәселелерге зер салуы қажет дейді Қазақстанның саясаттанушылары.

«Жалпы, Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастыққа дағдарыс және жанжалдарды бейбіт тетіктердің көмегімен жоюға болады деп, дәлелді алгоритмдерді де ұсынды. Н.Назарбаев бүкіл әлемді неғұрлым жоғары деңгейдегі ғаламдық тұрақтылық пен қауіпсіздікке жақындатуға қабілетті жалпыға бірдей үнқатысуға және бірлескен іс-қимылға, қауіпсіздіктің іс жүзінде ықпалды жалпы қағидаларын әзірлеуге шақырады. Өз манифесінде Елбасы «Соғыссыз әлем» ғаламдық үдерісін іске қосатын нақты жағдайларды да ұсынып отыр. Бұл  халықаралық ядролық бақылауды күшейту, басқыншылықты жою жағына қарай түбегейлі бетбұрыс жасау, өңірлік жанжалдарды жүйелі түрде шешу, сонымен бірге, әскери одақтардан бас тарту және халықаралық құқықтық әмбебап қағидаттарын сақтау»,-деді конгрестегі сөзін түйіндеген Б.Майлыбаев.

 

Ал, сенатор Ақан Бижановтың айтуынша, бүгінде әлем жұртшылығын жиі көрініс бере бастаған жанжалдар мен кейбір елдерде болып жатқан кикілжіңдер алаңдатып отыр. «Оның үстіне белсене түскен террорлық әрекеттер де қорқыныш тудыратыны сөзсіз. Сол себептен Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін бағдарламалық құжат ретінде ұсынды. Манифеске БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесі ресми мәртебе берді. Елбасының манифесінде кез келген сәтте қауіп-қатер туғызатын ядролық қарудан бас тарту, сынақтарды мүлде болдырмау, тағы басқа да өзекті мәселелер қамтылған. Өйткені, Елбасы атап өткендей, ядролық соғыста жеңген де, жеңілген де болмайды.  Бүгінгі техника мен технологияның дамыған кезеңінде байқаусызда жасалған қадам әлемдік апатқа соқтырады. Ал Қазақстан ядролық сынақтардың қасірет-қайғысын өз елінде, өз жерінде барынша тартты, зардабын әбден шекті. Әлемдік қоғамдастық біздің еліміздің аумағында төмен байытылған уран банкін құру идеясына жоғары баға берді. Себебі, банк өзге елдер үшін атом энергиясын бейбіт мақсатқа қолдану қолжетімділігіне мүмкіндік беріп отыр.»,-дейді А.Бижанов.

Бұл конгреске Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шет елдердің де саясаттанушылары келіп, ой-пікірлерін қозғады. Ресей стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Максим Лихачев Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі халықаралық бітімгерлік құжаттардың жалғасы іспетті. Осы құжат арқылы әлемдік қоғамдастық қауіп-қатерден шығудың жолдарын қарастыра алады.

«Манифесте Қазақстан басшысы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып отыр, деді М.Лихачев. Оның ішінде ядросыз аймақтарды көбейту де бар. Кезінде қазақстандықтар кейбір елдер сияқты талаптар қоймай-ақ әлемдегі аса қуатты ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартып, өзінің бейбітсүйгіш ел екенін танытты. Бұл бастамаға әлем елдері ерекше қолдау көрсетті. Қазақстанның осындай белсенді саясатының нәтижесінде Орталық Азия елдерінің аумағында ядросыз аймақ құруға қол жеткізілді. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі көпшілік қолдауына ие болып отыр»,-дейді М.Лихачев.

Ал, Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің елшісі Яо Пейшэн «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі  Президент Н.Назарбаевтың стратегиялық ойлау қабілетінің көрінісі» деген тақырыпта сөз қозғай отырып,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің әлемдік қауіпсіздікті сақтауда рөлі өте зор екенін атап өтті. «Қазақстан дипломатиялық және жеткен жетістігі жағынан дамыған мемлекеттердің қатарына кіреді. Бүгінгі саясаттанушылардың халықаралық конгресі әлемдегі күрделі мәселелер туралы пікір алмасуға мүмкіндік береді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, жаһандық шешімін таппаған проблемалар туралы ой қозғады. Әлемдік қауіпсіздікті сақтауда ерекше маңызы бар бұл  құжатты екіге бөлікке бөліп қарастыруды ұсынамын. Біріншіден, бұл  Қазақстанның жауапкершілігі. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде болып жатқан оқиғаларды бақылап қана қоймай, оның неге апарып соқтыратындығын жақсы түсінеді. Президент өз манифесінде жаһанды мазалаған мәселелерді анық көрсетті. Соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыра түсуде. Көптеген азаматтар кей державалардың әрекетіне өз ренішін білдіруде. Олардың кесірінен бейбіт тұрғындар, әсіресе, әйелдер мен балалар түрлі соғыс ошақтарында қаза тапты. Мысалы, Ауғанстан, Ирак, Ливия және Сириядағы соғыстар жүрегімізді ауыртады.. Оған кінәлі адамдар жазасын алған жоқ. Әлемдік қоғамдастық қылмыстық саясатты жүргізіп отырған саясаткерлердің жұмысын тоқтатуға ықпал етуі қажет. Себебі, олар әскери техниканы сатушыларға көмектесіп, бейбіт тұрғындардың есебінен пайда табуда. Манифест арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық ойлау қабілетінің жоғары деңгейде екендігін білуге болады. Осыдан 25 жыл бұрын елдеріңіз Азияда ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру туралы бастама көтерді. Ол уақытта Қазақстанның өз ішіндегі жағдай өте күрделі болатын. Бірақ, соған қарамастан, осындай жаһандық маңызы бар үлкен бастама көтерді, 10 жыл өткен соң Алматыда АӨСШК конференциясының бірінші саммиті өтті. Оған Азияның беделді басшылары келді. Бұрын бұл көшбасшылар бір үстел басында бас қоспаған болатын. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан келді. Оны өз көзіммен көрдім. Бүгінде бұл ұйымға 26 мемлекет мүше. Сондай-ақ, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет. Тәуелсіздік алған тұста Қазақ елі ядролық қаруының күші әлем бойынша 4-ші орында болды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің елшісі еліміздің дипломатиялық қабілеті дамыған мемлекеттер деңгейінде екендігін айтып, оған жоғары баға берді. Өз елімнің азаматтарына Қазақстан  үлкен мемлекет, бірақ халқының саны аз деймін. Алайда, дипломатиялық жеткен жетістігі жағынан Қазақ елі ірі мемлекеттердің қатарына кіреді»,- деді ол сөзінің соңында.

«Қазақстанның Ядролық қоғамы» ассоциациясының атқарушы директоры Александра Жданованың атап өтуінше, бүгінгі таңда ядролық соғыс қаупі бұрын болып көрмеген жағдайда нақты шындыққа айналып отыр. Қазір оның қаупі ғаламдық сипатқа ие. Сондықтан ядролық қарусыз әлем бүкіл адамзаттың және әрқайсымыздың алдымызда тұрған өзекті проблема. Жердің болашағы туралы алаңдаушылықты Нұрсұлтан Назарбаев өзінің манифесінде көрсетті. «Әлем. XXI ғасыр» біздің Президентіміздің антиядролық бастамаларының ішінде айрықша орын алады, деді ол. Бұл манифест БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесі сияқты негізгі органдарда жоғары ресми мәртебеге ие болды. Бағдарламалық құжат ретінде манифест бүкіләлемдік қауымдастықтың, сондай-ақ, әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алды.

Бұдан кейін ол жаңа технологиялардың даму дәуірінде, өркениеттің ғылыми жаңалықтарды кеңінен пайдалануында әскери қуатты арттыруға да даңғыл жол ашылғанын атады. Алайда, осы заманғы соғыста жеңімпаз болмайды, ал ядролық қаруды қолдану адамзатты құртуға әкеледі деп атап көрсетті біздің Президентіміз, деді А.Жданова. Халықаралық шиеленістің өсе түсуі адамзат қоғамын алаңдата түсуде. Қазір әлемге ғаламдық әскери қақтығыстар қауіп төндіріп тұр. Осындай жағдайда бүкіләлемдік қауымдастықтың бірлескен күші ғана қаруланудың ғаламдық үдерісіне бақылау жасай алады. Көреген және ақылды саясаткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің манифесінде әлемнің бүгінгі дамуындағы өзекті проблемалар мен қауіптерді ашып көрсетіп, оларды тойтарудың нақты және салмақты жолдарын нұсқады.

А.Жданованың атап өткеніндей, бүгінде Қазақстан ядролық нысандары мен материалдары ең жоғары қауіпсіздік жағдайына жеткізілген 20 елдің қатарына енген. 2010 жылдың қараша айында МАГАТЭ-нің кепілдігімен Қазақстанға БН-350 реакторынан шығарылған 210 тонна пайдаланылған ядролық отын жеткізіліп, ұзақ мерзімді қауіпсіз сақталуға қойылды. 2012 жылдың қазан айында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аймағындағы ядролық материалдарды қауіпсіздік деңгейіне жеткізу жұмыстары аяқталды. Ядролық қаруды таратпаудың бір тетігі Төмен байытылған уран банкін құру еді. Оны біздің елде құру жобасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемді ядролық қарудан босатуға бағытталған бастамаларының бірі болды. Қазір МАГАТЭ-нің бақылауымен бұл банк біздің елде құрылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамалары халықаралық саясаттағы Қазақстанның бұл мәселе бойынша тұрақты және бірізді саясатын көрсетеді және ол бүкіләлемдік антиядролық қозғалыста шынайы қолдау тауып отыр, деді ол сөзін қорытындылай келіп.

Қорыта айтқанда, саясаткерлер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қауіпсіздік тұрғысынан да, бітімгерлік рөлі тұрғысынан да, жазықсыз жапа шегіп келе жатқан әлем халықтарының болашағы тұрғысынан да, әлемдегі бейбітшілікті сақтап, оқ-қарусыз өмір сүру тұрғысынан да сынай отырып, манифестің өте қажетті құжат екенін дәлелдеп шықты. 

Соңғы жаңалықтар