Әлем халқы вакцинацияға үміт артып отыр - эпидемиолог-дәрігер

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Вакцина - қауіпті вирустан қорғанудың бірден-бір жолы. Бүкіл әлем қауіпті вируспен күресуде вакцинация әдісін қолдануда. ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облысының эпидемиолог-дәрігері Марал Қадырмен сұхбаттасып, өңірде тұрғындарды жаппай вакцинациялау жұмыстары қалай ұйымдастырылып жатқанын білді.

- Қауіпті вирусты жеңудің бірден-бір жолы вакцина деген пікірмен келісесіз бе?

- Коронавирусты жұқтыру көрсеткіші көктемде артқанын көріп отырмыз. Осы жағдайға байланысты бүкіл әлемдегі негізгі күресу әдісі - вакцинация. Вакцинация бойынша Маңғыстау өңірінде де ұйымдастыру шаралары өтіп жатыр. Әлемде 37 вакцина өндіріліп жатқан болса, оның сегізі толықтай қолданысқа берілді. Соның ішінде Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасын Маңғыстау өңірінде ақпан айынан бастап қолданып бастадық.

- Маңғыстауда халықты жаппай вакцинациялау жұмыстары қалай жүріп жатыр?

- Бүгінде әлем халқы осы профилактикалық әдіс ретінде вакцинациядан үміт күтіп отыр. Сондықтан алдын алу шараларының ішіндегі вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бірінші кезекте вакцинамен осы инфекцияға тәуекел топтары қамтылды. Атап айтқанда, ең алдымен, медицина қызметкерлері, оның ішінде қабылдау бөлімі, жедел жәрдем, жұқпалы аурулар, реанимациялық бөлімшелердің қызметкерлеріне екпе салына бастады. Одан кейін полиция қызметкерлеріне, мұғалімдерге вакцинациялау жүргізілді. Бүгінде Маңғыстауда 6000 астам адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 1000-ға жуық адам екінші компонентін алды.

- Жалпы вакцина адам ағзасына қалай әсер етеді?

- Вакцинаны «антиген» деп есептейміз. Яғни, антигенді салған кезде адам ағзасындағы иммун жүйесі жұмыс істей бастайды. Сырттан келген антигенге қарама-қарсы организм өзі күресе бастайды. Мидан бастап бірнеше жауапты органдар антигенмен күрес кезінде адам ағзасында антидене немесе иммуноглобулиндерді түзіп шығарады. Адам ағзасына келіп түскен вирусты өзінің қуатымен жою арқылы адамды жұқпалы аурудан сақтап қалады.

- Екпе салдырудың ережесі қандай?

- «Спутник V» вакцинасы барлық вирусты инфекцияларға қарсы вакциналар сияқты әлсіретілген өлі вакцинаға жатады. Оның арнайы сақталу температурасы –18 градустан төмен болуға тиіс. Маңғыстаудағы вакциналар да барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, қала, аудандарға жеткізіліп отыр. Бүгінгі таңда егу кабинеттерінің жасақталуына ерекше мән берілуде. Вакцинаның ерекшелігі 18 жастан асқан адамдар егілуі тиіс. Әрине, вакцинаны салуға болмайтын медициналық көрсеткіштері бар адамдар болады. Егу кабинетіндегі дәрігерлер келген тұрғындардың денсаулығын алдымен тексеріп отыр. Содан кейін ғана егілуге рұқсат беріледі. Егілуге рұқсат алған тұрғынды арнайы оқытылған, вакцина салуға рұқсат қағазы бар мамандар қабылдап, екпе салады.

- Облыста вакцина алғандар арасында кері реакциялар байқалды ма?

- Осыған дейін егілген 6000-нан астам адамнан асқыну байқалған жоқ. Егілуден кейін жалпы және жергілікті реакциялар болады. Ол екпе салған жердің қызаруы, бас айналу, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі. 3 күн ішінде вакцина алған адам қалпына келеді. Қазіргі таңда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бірінші орынға қойып отырған вакцинация әдісін Маңғыстау тұрғындарын мүмкіндігінше толық алуға шақырамын. Сіздерге қызмет көрсетуге біздің өңірімізде ашылған барлық егпе егу пукнттары қызмет көрсетуге дайын.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар