Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановқа Павлодардан пәтер берілді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановқа пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемдік біріншілікте Қазақстанның даңқын асырған спортшыны Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов құттықтады.

Боксшыға арнаған сөзінде аймақ басшысы жерлесіміздің Сербияда өткен әлем чемпионатындағы барлық жекпе-жегін көргенін атап өтті.

- Сенің «күмісің» ұлттық құраманың қоржынына қомақты үлес қосты, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Айта кету керек, бұл павлодарлықтардың бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіп алған алғашқы медалі. Осы марапаттың арқасында жерлесіміз павлодарлықтар арасында бірінші болып Қазақстан Республикасының бокстан еңбек сіңірген спорт шебері атанғаны көңілімізді одан сайын көтерді. Дәл осы жоғары жетістікпен шын жүректен құттықтаймын. Жаттықтырушыларыңмен бірге жаңа белестерді бағындырып, соның ішінде жазғы Олимпиадада жеңіске жетеді деп сенемін.

Халықаралық аренада үздік өнер көрсеткені үшін марапат ретінде спортшыға пәтер кілттері табысталды.

Боксшы барлық жерлестеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, алдағы уақытта ірі жарыстардың «алтынын» алу үшін бар күшін жұмсауға уәде берді.

- Олимпиададан кейін біз көп еңбек еттік және әлемдік турнирде жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын, - деді Серік Теміржанов. - Мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Болашақта күміс медальді алтынға айналдырғым келеді. Бізді қолдаған барлық жандарға алғыс айтамын.

Кездесу барысында спортшының тәлімгері Азамат Мақажанов та сөз сөйледі. Ол жаттықтырушы рөлінде өзі рингте өнер көрсеткеннен әлдеқайда көп тәжірибе алғанын мойындады.

- Біз дер кезінде үлгердік, өйткені біздің спортшының әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы екіталай еді, - деп мойындады Азамат Мақажанов. - Бірақ Серік өзіне тән сабырлылықпен жұдырықтасып, ұлттық құрамадағы спаррингтер кезінде жақсы нәтиже көрсетті. Сол кезде Бақтияр Артаев (бокстан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы - еск.) «Турнирге дайындалыңдар, бірақ сіздерден тек жеңіс күтеміз» - деді. Біз бұл міндетті орындадық.

Айта кетейік, Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында Серік Теміржанов 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде еліміздің намысын қорғады.

Финалға жетер жолда ол Моңғолия, Жапония, Үндістан, Ресей және Кубадан келген атақты боксшыларды ұтты.

Финалда павлодарлық спортшы америкалық Джамал Харвиге есе жіберіп алды.



Суреттерді түсірген Валерий Бугаев


Соңғы жаңалықтар