«Әлем барысы»: Айбек Нұғымаров финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан «Әлем барысы» додасының жартылай финалында Айбек Нұғымаров моңғолиялық балуан Серік Бердімұратты ұтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тартысты кездесудің 4-ші минутына дейін бір бүк ұпаймен және бір жамбас әдіспен Айбек қарсыласынан басым түскен еді. Бұдан кейін Серік Бердімұрат бүк ұпайын еселеп алды. Белдесудің аяқталуына 4 секунд қалғанда Серік барын салғанымен, жеңіс Айбектің еншісінде қалды. Серік боз кілемде төрешілердің бұл шешімімен келіспейтінін білдіріп, наразылығын білдірді. Алайда төрешілердің шешімі өзгерген жоқ.

Айта кетейік, Қазақстан балуандары арасында Айбек Нұғымаровпен бірге жартылай финалға Ержан Шынкеев те шыққан болатын. Шынкеев грузиялық Гурам Тушашвилиден ұтылып қалды. Осылайша, «Әлем барысының» финалында Айбек Нұғымаров грузин балуанымен кездесетін болды.

Айбек Нұғымаров Шығыс Қазақстан облысының тумасы. 2008 және 2010 жылдары қазақ күресінен әлем чемпионы, 2008 жылы қазақ күресінен Азия чемпионы, 2011 жылы қазақ күресінен әлем кубогінің иегері, 2012 жылы қазақ күресі чемпионаттарының жеңімпазы, самбодан Қазақстан Республикасының жеңімпазы болды.

2013 жылы Айбек "Қазакстан Барысы" атағын жеңіп алса, 2016 жылы Оңтүстік Қазақстандағы халықаралық турнирде «Түйе балуан» атанған болатын.

Соңғы жаңалықтар