«Әлем барысы» атанған Айбекке 15 млн теңге табысталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Барыс Аренада» қырыққа жуық елдің балуандарының басын қосқан «Әлем барысы» сайысының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Доданың алғашқы 10 орнын жеңіп алған балуандар марапатқа ие болды. Олардың қатарында қазақстандық Еламан Ерғалиев, ресейлік Рүстем Арсланов, өзбекстандық Мухсин Хисомиддинов, моңғолиялық Серік Бердімұрат, армениялық Акоб Аракелян бар.

Жүлделі үшін орын Қазақстан намысын қорғаған Ержан Шынкеевке бұйырып, оған қола белдікпен бірге 3 миллион теңге табыс етілді. Күміс белдікке ие болған  грузиялық Гурам Тушишвили 5 млн теңге алды. Ал  бірінші орынды қанжығасына байлаған Айбек Нұғымаровқа алтын белдікпен қатар 15 млн теңге табысталды.

ҚР Энергетика министрі, Халықаралық қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев пен «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев «Әлем барысы» атанған Айбекке алтын белдікті тақты.

Еске сала кетсек, «Әлем барысы» додасына әлемнің қырыққа жуық елінен 43 балуан өзара бақ сынасқан болатын. Қазақстан тарихында екінші мәрте ұйымдастырылып отырған сайыс әлемнің 100 елінде тікелей эфирден көрсетілді. 

Соңғы жаңалықтар