ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: G20 саммиті - Әлемдік экономика мен саясаттың маңызды шешімдер тұғырнамасы

None
None
АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халықаралық тыныс-тіршіліктің өтіп бара жатқан аптасы «Үлкен жиырмалықтың» екікүндік саммиті аясында маңыздылығы арта түсті. Әлемнің азулы елдерінің басын тоғыстырған бұл алқалы жиынның мақсаты әлемдік саясат пен экономика саласында орын алып жатқан жайттарға баға берумен қатар елеп-ескерудің мүмкінді шараларының сұлбасын айқындау еді.

G20-дағы Қазақстанның алғашқы тәжірибесі.

Ағымдағы жылғы «Жиырмалық тобының» төрағасы - Ресей. Ал биылғы саммит жүргізілген жұмыстардың басты қорытындысы болып саналады. G20 көшбасшыларының кездесуі 5-6 қыркүйек күндері Санкт-Петербордағы Константиновский сарайында өтіп, онда 26 елдің және экономика саласындағы ірі 8 әлемдік ұйымның басшысы бас қосты. Қазақстан «Жиырмалық топ» сапына кірмегенімен, бұл жиынға ресейлік тараптан ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және ТМД-нің өкілі ретінде арнайы шақырту алған болатын. Біздің еліміз барлық бағыттардағы G-20 елдерінің бастамалары мен ұсынымдарын толығымен қолдайды.

Дегенмен, Қазақстан G20 алаңын өзінің жаһандық деңгейдегі күн тәртібін алға жылжыту үшін пайдаланады. Олардың қатарында тұрақты энергетиканы дамыту, «Жасыл экономика» стратегиясы, «Жасыл көпір» бастамасы, «ЕХРО-2017» тұжырымдамасы сынды алдыңғы қатарлы тәсілдемелері бар.

Саммит жұмысының алғашқы күнінде әлемнің ірі экономикасы көшбасшылары бірінші отырысты «Экономикалық өсім және жаһандық экономика» тақырыбында өткізді. Пікірсайысты ашқан РФ Президенті Владимир Путин «жиырмалық» көшбасшыларының басты міндеті жаһандық экономиканың тұрақты һәм теңгерімді өсімге қайта оралуына бағытталып отырғандығын баса айтты. Сонымен қатар ол әлемдік экономиканы тұрақтандырудың басшы шараларының бірі халықаралық валюта қорында дамушы мемлекеттердің рөлін (квота мен дауыс) арттыруға бағытталған реформа болуы тиістігін атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық дағдарыстың бір себебі экономиканың нақты секторымен байланыссыз «сабынды көбік» түріндегі қаржылық құрылымдардың қарқынды дамуы екенін атап өтті. Мемлекет басшысы маңызды әлемдік шешімдерді қабылдау кезінде көптеген дамушы елдердің ұстанымы іс жүзінде назарға алынбайтынын айтты.

«Қазақстан тәрізді елдердің де пікірі еленуі үшін бұдан екі жыл бұрын менің тарапымнан G-GLOBAL жобасы бастама ретінде көтерілді. Ол G8-ге және G20-ға балама емес, қазіргі кезде ақпараттық-коммуникативтік алаң ретінде іске асырылып жатқан жаһандық диалогтың қосымша құралы ғана», - деді Қазақстан Президенті.

Елбасы қатысушылардың назарын G-GLOBAL-ден бөлек Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауымен Астанада 104 елдің экономикалық ведомстволары жетекшілерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция өткізілгендігіне баса аударды. Осы инновациялық жаһандық диалог форматына баса назар аударған Н.Назарбаев мейлінше өзекті проблемаларды шешуге қатысты өз көзқарасын ортаға салды. Осылайша әлемдік қаржы-валюталық архитектура барлық елдің мүддесін сақтауға эволюциялық жолмен келуге тиіс.

Мемлекет басшысының келесі ұсынысы әлемдік экономикадағы борышкерлік қатынастарды теңдестіруге, мемлекеттік және корпоративтік қарыз алу көлемін реттеудің және бақылау жасаудың жаңа элементтерін әзірлеу әрі енгізуге байланысты болды.

G20 көшбасшыларының барлық ұсыныстары саммит қорытындысы бойынша қабылданған «Жиырмалық тобы» көшбасшыларының Санкт-Петербор декларациясында ескеріліп, көрініс тапты.

Саммит Сирия бойынша ұстанымдарды бір арнаға тоғыстыра алмады

Қаржы мен әлемдік экономика саммит күнтәртібіндегі басты мәселе болғанымен мемлекет және ұйым басшыларының саяси сипаттағы барынша өткір жайттарды да талқыға салуына еш кедергі бола алған жоқ.

Бұл жолы мұндай тақырыптың бірі Батыс елдерінің әскери басқыншылығы орын алуы мүмкін Сирия төңірегіндегі ахуал болды. Бұл мәселе Ресей басшысының ұсынысымен саммиттің бейресми бөлігінде Петергоф мұражайының үлкен сарайында өткен жұмыс кешкі асы барысында көтерілді.

Келесі күні ымырасыз оппоненттердің, нақты айтқанда, Ресей мен АҚШ-тың бұл жолы да ортақ көзқарасқа келе алмағандығы белгілі болды.

Мәскеу зайырлы мемлекетке қатысты әскери күш қолдану өзін өзі қорғау не болмаса БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясы болған жағдайда жүзеге асырылуы тиіс деген ұстанымға мығым. Ал Вашингтон болса, Қауіпсіздік кеңесінің мандатынсыз-ақ Дамаскіде қазіргі режімді күшпен құлату үшін барлық негіз бар деп санайды.

Айта кетерлігі, осы проблема ауқымында соңғы уақытта В.Путин мен АҚШ Президенті Барак Обама арасындағы қарым-қатынастардың салқындауына ерекше мән беріліп отыр. Екі көшбасшы да «тет-а-тет» форматында жүздесуге ықылас таныта қоймады.

Саммит қорытындысы бойынша ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Б.Обама 10 қыркүйек күні сириялық жанжалға қатысты өз елінің азаматтарынан қолдау табу үшін үндеу жасауға ниеттеніп отырғандығын баса айтты. Ол сонымен қатар «соққының шектеулі әрі пропорционалды» болатындығын да атап өтті.

«Мен әскери іс-қимылға құмартып отырғаным жоқ. Мен консультацияларды жалғастырудамын әрі ондай ұсыныстарға ашықпын. Менің мақсатым - химиялық қаруды қолдануға тыйым салатын халықаралық нормаларды қорғау», - деп атап өтті АҚШ президенті.

Форум қорытындысына орай РФ Президенті Б.Обамамен кездесудің орын алғандығын атап өтті. «Біз АҚШ Президентімен бүгін кездестік. Сұхбаттасу шамамен 20-30 минутқа жалғасты. Бұл барынша мазмұнды, толыққанды, конструктивті әңгімелесу болды. Біз әрқайсымыз өз пікірімізде қалдық. Мен оның дәйектерімен, ал ол менікімен келіспеді. Бірақ біз оны естідік», - деді В.Путин.

Сирия жанжалын бейбіт жолмен шешуге саммитке қатысушылардың бірқатары да шақырды. «Жанжалды әскери әдіспен шешуге болмайды. Тек саяси жолмен ғана», - деп мәлімдеді Еуропалыық кеңес төрағасы Херман ван Ромпёй. Мұндай ұстанымға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун да келіп отыр.

G20 форматы ынтымақтастық үшін пайдалы

Форум қорытындысы бойынша Ресей президенті Владимир Путин «жиырмалық тобы» өзінің іс-қимылын бастаған 5 жылдың ішінде жаһандық экономика мен қаржы саласында әлемнің жетекші елдерінің ортақ әдістерін әзірлеу мен келісу бойынша тиімді тетікке айналғанын баса айтты.

Ресей «Жиырмалық тобына» төрағалықты қолына алған кезден бастап-ақ өз міндетін нарықтағы инвестицияны ынталандыру, тиімді реттеу және сенімді арттыру есебінен өсімді ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу ретінде айқындаған болатын.

Ресей төрағалығы кезеңінде қол жеткізілген нәтижелер «Жиырмалық тобы» көшбасшыларының Санкт-Петербор декларациясында және аталған құжаттың қосымшасында нақты көрсетіліп, бекітілген.

Ресей қабылдаушы тарап ретінде дайындық жұмыстарының барлық кешенін ұйымдастырып, қонақтардың әлемдік экономикаға қатысты шешімдер мен оларды реттеу шараларына бағытталған табысты пікірсайыс өткізуіне зор мүмкіншілік жасады. Әлемдік қоғамдастық үшін маңызы зор аталған шараны 1800-ден астам БАҚ өкілдері таратты.

Соңғы жаңалықтар