Алексей Цой Алматыдағы медициналық мекемелердің жұмысымен танысты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Екі күндік сапары барысында медициналық мекемелерді аралап, медицина қауымдастығымен кездесу өткізді.

Ең әуелі «№17 қалалық емхана» МКК-да болды. Көпбейінді емхана 2010 жылы салынған болатын. Бір ауысымда 630 адамды қабылдауға қауқарлы және медициналық қызметтің бірнеше түрі көрсетіледі.

Жол картасы тапсырмасын орындау мақсатында Алматы қаласының ДСБ шаһардағы медициналық мекемелердің барлығын жаңғыртудан өткізіп, бір ортаға біріктіруде. Қазіргі таңда бұл емханаға онкологиялық, фтизиятрлық, наркологиялық және психиатриялық қызметтер еніп отыр.

Халыққа жоғары қызмет көрсететін инновациялық технологиялар қолданылуда. 2011 жылы алғаш рет «№17 қалалық емхана» «Кезексіз емхана» тәжірибесінен өтті. Яғни, алдын ала жазылу арқылы қабылдауды бастады. Емхананың әрбір қабатында элекронды ақпараттандыру тақтасы орнатылған. Науқастар кезегін, уақыт және дәрігерлердің жүктемесін көре алады. e-gov порталы арқылы да мемлекеттік қызметтер сапасын анықтауға болады. Сонымен қатар, емханада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Сондай-ақ, министр Алексей Цой «Ұлттық сараптама» республикалық мекемесінде болды. ҰСО-ның барлық аймақтық қамтитын филиалдары бар. Негізінен санитарлық-эпидемиологиялық сараптамаларды және зерттеулердің сапасы мен мерзімін жетілдіріп жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі үшін нақты нәтижелер ұсынады. Эпидемияға қарсы алдын алу шараларын жасауға үлкен септігін тигізіп отыр.

Сонымен қатар, министр 500 төсек-орынға шақталып салынып жатқан «И. Жекенов атындағы қалалық инфекциялық аурухана» МКК құрылысымен танысты. Айта кетерлігі, соңғы 7 айда әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған трансформациялау қаланың денсаулық саласына соны серпін берген. Атап айтқанда, өлім-жітім көрсеткіші айтарлықай төмендеген.

17 қыркүйектегі жағдай бойынша қалада 14 328 адам COVID-19 жұқтырған. Соңғы бір тәулікте 3 жаңа жағдай тіркелген. Қазіргі таңда 13 941 адам жазылып шықты немесе 97,5%. Қайтыс болғандар саны 270 адам.

Қалада 6211 төсек-орны және 250 реанимациялық орны бар 27 ковидтік емхана дайындалған. Қазіргі уақытта 1923 төсек-орынға шақталған 17 емхана жұмыс істеп тұр. 4288 орын резервте тұр.


Соңғы жаңалықтар