Алексей Цой 1,5 жыл комадан оянбай, өмірден озған бүлдіршін туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елордада тіс емханасына барғаннан кейін комаға түсіп, 1,5 жылдан кейін көз жұмған бүлдіршінге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл іс ерекше бақылауда болды. Өкінішке орай кішкентай қыз қайтыс болды. 2020 жылғы 9 сәуірде сот аталған стоматологиялық орталықтың қызметіне тыйым салуды, лицензиясын қайтарып алуды үкім еткен болатын. Сот залында ата-аналарының өздері медициналық ұйымға талаптары жоқ екендігін мәлімдеп, аталған ұйымның қызметін тоқтатпауды өтінді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалын орай.

Дегенмен, ол кез келген заң бұзушылық, дер уақытында тиімді көмек алмау фактісі бойынша шағымдануға болатындығын баса айтты.

«Мұндай шағымдарды қарайтын және қызметін тоқтатудан басап, сотқа шағым беруге дейінгі барлық тиісті процедураны қабылдайтын аумақтық департаменттеріміз, Фармацевтикалық бақылау комитетіміз бар. Сондықтан, егер мұндай жайттар болса, онда азаматтар заңды тәртіппен шағыммен жүгінуі қажет. Олар қаралады», - деді Алексей Цой.

Еске салайық, 2020 жылдың қаңтар айында елорда тұрғыны Анастасия Зеленая екі жарым жастағы баласы стоматологиялық клиникаға қаралғаннан кейін ес-түссіз күйге түскенін хабарлаған болатын.

Осыдан кейін тіс емханасына тексеру жүргізіліп бірқатар кемшілік анықталған еді. Ал 21 маусымда Анастасия Зеленая Instagram парақшасында сәбиінен айырылып қалғанын жазды.


Соңғы жаңалықтар