Алдымен «қара қағаз» келіп, артынан өзі аман оралған ардагер

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Жеңіс мерекесін соғыс және еңбек ардагері Нұрахмет Көшербаевтың ұрпақтары жыл сайын Алматы облысы Панфилов ауданы Кішішыған ауылындағы қара шаңырақта ерекше қуанышпен қарсы алады.

Нұрах­мет Көшербаев 1898 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Айдарлы ауылында дүниеге келген. Ат жалын тартып азамат атанған соң осы өңірдегі «Еңбекші» шаруашылығында, одан кейін Каганович атындағы колхоздың ауыл шаруашылығы саласында қарапайым колхозшы болып еңбек етеді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, 1941 жылы 1 қарашада ел қорғауға аттанған. Біраз уақыт әскери даярлықтан өткен соң 1942 жылдың қысында 313-ші атқыштар полкінің құрамында жауға қарсы алғаш рет шайқасқа кіреді.

Тарихтан белгілі, Курск доғасы үшін болған ұрыс – екінші дүниежүзілік соғыстағы ең қанды шайқастардың бірі. Осы атақты қан майданның нағыз қызған кезінде ержүрек қаруластары қатарында Нұрахмет Көшербаев та аяусыз айқасады. Дәл осы ұрыстан соң 1943 жылы 13 қаңтарда зайыбы Жұмаш апай «Көшербаев Нұрахмет неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте ерлікпен қаза тауып, Курск қаласының жанындағы Тербуха селосында жерленді» деген қаралы хабар жазылған қағаз алады. Алайда, араға едәуір уақыт өткенде «Қосағымнан айырылдым» деп қайғыдан қан жұтып жүрген жұбайына Нұрахмет атаның тікелей өзінен «Аманмын. Госпитальдан жазылып шығып, қайтадан қанқұйлы жауға қарсы аттанып барамын» деген хабар жетеді.

Сөйтсе, Курск қаласы маңындағы кескілескен соғыс кезінде совет әскерлері «Өліспей беріспейміз» деп жанқиярлықпен шайқасып, негізгі күш жеткенше өз позицияларын қорғап тұрған екен. Кейінірек келген жауынгерлер қанды қасапқа түскен қаруластарын шетінен бауырластар зиратына жерлеуге кіріседі. Кенет, олардың денелерін жер қойнына бере бастағанда біреуі кездейсоқ қазақ сарбазының болар-болмас қана демі бар екенін байқап қалады. Дереу селодағы госпитальға апарады. Содан ұзақ уақыт емде­ліп шыққан батыр атамыз қайтадан сапқа тұрып, қас дұшпаннан кек қайтару үшін қолына қаруын қайта алады. Сөйтіп, одан кейін де талай шайқастарға қатысып, маршал Коневтің басқаруындағы әскер құрамында Курск, Орел, Калыч қалалаларын жаудан азат етуге қатысады. Жеңісті Берлин қаласында қарсы алып, 1945 жылдың күзінде туған елге аман-сау оралады.

Қан майданда қаһармандығымен танылған атамыз бейбіт еңбекте де белсенділігімен танылды. Ұзақ жылдар бойы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Н. Головацкий басқаратын атақты «Ок­тябрьдің 40 жылдығы» колхозында жемісті еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласында ел байлығын еселеп арттыруға зор үлес қосты. Сұрапыл соғыстағы ерен ерлігі үшін омырауына тағып оралған «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медаліне еселі еңбегі үшін наградталған көптеген марапаттары қосылды. Атап айтқанда, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталып, бірнеше медальмен марапатталды. Құрмет грамоталары мен заттай сый-сияпаттары да жетерлік.

Толарсақтан қан кешіп, соғыста жүрген күйеуін табандылықпен тосқан Жұмаш апа да тылда қажырлылықпен еңбек етті. Соғыс біткен соң да өзі өскен шаруашылықтың сан салалы жұмысын табысты жүргізуге көп еңбек сіңірді. «Еңбек ардагері» медалімен наградталды.

Осылайша өмірдің талай-талай «тар жол, тайғақ кешуінен» абыроймен өткен Нұр­ахмет ата мен Жұмаш апаның өздері бұл күнде бақилық болса да бес ұл, екі қызы мен олардан тараған ұрпақтары атақ-даңқтарына дақ түсірген емес. Егемен еліміздің түкпір-түкпірінде, тіпті шет елдерде халық шаруашылығының сан алуан саласында табысты қызмет етіп жүр. Ардагер атасы мен апасының рухтарына әрқашан құран бағыштап, есімдерін ерекше мақтанышпен еске алып тұрады.


Авторы: Нұрәділ Бегімбет
Соңғы жаңалықтар