Алдағы жылдары Қазақстан аумағында қанша шақырым жол салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасының бес жылы ішінде ұзындығы 10 мың шақырымды құрайтын республикалық жолдардың құрылысы мен реконструкциясы бойынша жобалар іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Үкімет үйінде 2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Оның аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциясына қатысты 27 жобаның іске асырылуы қарастырылған.

«Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 95,9 мың шақырымды құрайды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен реконструкциясы аясында 13 жаңа жоба іске асырылмақ. Жаңа жобалар аясында тиісті жұмыстармен жолдардың шамамен 7 мың шақырымы қамтылатын болады. Сонымен қатар, жоғарыда аталған уақыт ішінде 14 ауыспалы жобаны да жүзеге асыру қарастырылған. Ауыспалы жобалар аясында пайдалануға берілетін жолдардың ұзындығы 3,8 мың шақырымды құрайды. Осылайша, Қазақстанда 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымыннан астам учаскеде қозғалыс ашылады деп күтілуде», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.

Бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесін 100 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2020 және 2025 жылдардың аралығында жалпы пайдаланымдағы облыстық және аудандық маңызға ие автомобиль жолдарын дамытуды қаржыландыруға паритетті негізде республикалық және жергілікті бюджеттерден шамамен 1 трлн теңге бөлінетін болады. Аталмыш қаржы есебінен жергілікті маңызы бар жолдардың 20 мыңнан астам шақырымы қалпына келтірілмек. Осы ретте жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95% жеткізіледі деп жоспарланған.



Соңғы жаңалықтар