Алдағы сайлауға халықтың қызығушылығы артты - мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлау өтетіні белгілі. Осы орайда Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев биылғы сайлаудың ерекшелігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы айларда коронавирус инфекциясынан кейін белсенді талқыланып жүрген тақырыптардың бірі алдағы сайлау науқанына қатысты болып тұр. Мәселен, «Nur Otan» партиясындағы праймерездің өзі жаңашылдықтар енгізді. Жалпы, алдағы сайлауға дайындық аясында халықтың қызығушылығы артты. Осы орайда халықтың саяси сауаттылығы да жоғарылады десек болады», - деді А. Өрісбаев.

Осы орайда ол партияларда алдағы науқанға дайындық бағытында белсенділік артып келе жатқанын жеткізді.

«Атап айтқанда, сайлау алдындағы шаралар кезінде сын да айтылды. Сын болған жақсы – ол ашықтықты жариялайды. Депутаттыққа үміткерлердің сапасы артты деген ойдамын. Заман талабына сай, білікті кандидаттар керек екені түсінікті ғой. Ертең Парламентте халық сенім артқан кандидат өзекті мәселелерді көтермесе, онда нәтиже болмайды. Сондықтан жауапкершілікті баршамыз түсінуіміз керек. Қазіргі кезде үміткерлер әлеуметтік желілер өздерінің жоспарлап отырған қадамдарын жариялап қойды. Бұл тұрғыда олар осы жоспарларын орындауға тырысады деген ойдамын, өйткені халық тарапынан сұрау болады», - деді сарапшы.

Сонымен қатар, ол партиялық тізімге жастар мен әйелдердің үлесі үшін 30 пайыздық квота бөлінуіне пікір білдірді.

«Бұл қадамды толық қолдаймын. Осы ретте әйелдер мен жастардың Парламент пен мәслихаттар қызметіне көбірек қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сапалы реформалар қажет екені түсінікті, халықтың өзі осыны қажет етеді. Егер мұндай шаралар іске асырылмаса, теріс нәтиже болуы ықтимал, яғни тұрақтылыққа қауіп төнеді. Менің ойымша, іске асырылып жатқан шаралар уақытылы жасалып жатыр. Бұл ретте, цифрлық технологиялар, онлайн режимдегі байланыстар оңтайлы нәтиже беріп отыр. Себебі түсіндіру шараларына екпін қойылып, сайлаушылардың белсендігін көтеруге ықпал етеді», - деді А. Өрісбаев.

Оның пайымынша, алдағы уақытта да тиісті реформаларды жалғастыру керек.

«Сайлаудың ашықтығы үшін үкіметтік емес ұйымдармен қатар, әрбір азамат жауапкершілік танытуы керек. Байқаушыға үлкен жауапкершілік жүктеледі, оны абыроймен атқарған жөн. Барлығы қоғамның қолында, барлық игі қадамды өзімізден бастауымыз қажет», - деді Аббат Өрісбаев.


Соңғы жаңалықтар