Алаяқтар интернет-банкинг арқылы қалай алдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық Ішкі істер департаменті «Интернет-банкинг» қызметі арқылы жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана ІІД КПБ бөлімінің бастығы Талғат Бөлегеновтің айтуынша, қаскүнемдер пәтер немесе көлік сатылатын сайттарда белгілі бір меншікті сатып алуға ниетті екендіктерін білдіріп, сатушыға кепілақы жіберетіндері туралы хат жазады.

«Олар сенімге кіріп, сатушының төлем картасына «Интернет банкинг» қызметін қосуды ұсынады және өздерінің телефон нөмірлерін айтады. Осылайша, зардап шегушілер «Интернет банкинг» қызметінің қалай жұмыс істейтінін білмей, қаскүнемдерге банк карталары мен шоттарындағы ақшалай қаражаттарын қолдануға жол береді», - дейді Талғат Бөлегенов. 

Мысалы, зардап шегуші күзен ішігін сату туралы хабарлама жариялайды. Оның телефонына белгісіз біреу WhatsApp мессенджері арқылы тонды сатып алатыны туралы хабарлама жолдайды. Хат алмасу барысында белгісіз біреу басқа қалада екендігін айтып, төлемді банк картасы арқылы аударатынын жеткізеді. Ал, тауарды кейін алып кетпек болады. Зардап шегуші WhatsApp арқылы өз карточкасының деректерін береді, кейін оның абоненттік нөміріне интернет-банкингтің жеке кабинетіне кіретін код жазылған СМС-хабарлама келеді. Зардап шегуші ештеңеден күдіктенбей кодты береді. Бірнеше минуттан кейін оған шотындағы ақшаның толықтай шешіліп алынғаны туралы смс-хабарландыру келеді. Кейін алаяқ нөмірді бұғаттап, ізім-ғайым жоғалады.

Астана қалалық ІІД азаматтарды абай болуға және карта шоттары мен пин-кодтарды, жеке деректерді бейтаныс адамдарға бермеуге шақырады.

Алаяқтардан зардап шеккендерден 71-60-10, 71-63-35, 71-62-91 немесе 102 нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.

Фото: thebaynet.com

Соңғы жаңалықтар