Алаштың айтулы тұлғасы – Отыншы Әлжанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық болмысты мәңгілікке сақтау үшін бірінші кезекте ұлттық кодымыз: ұлттық тарихымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, тіліміз, ділімізді қайта жаңғыртуға көшу керек екенін айтқан еді. Ұлт тарихына жаңаша көзқарас қалыптастыру, еліміздің азаттығы жолында қанын да жанын да аямаған арыстардың есімін туған халқымен қайта табыстыру - тәуілсіздік алғышарты.

Ежелден еркіндік аңсаған қазақ елі ұшы – қиыры көзге көрінбейтін ұлан – байтақ Ұлы даласын қорғау үшін балаға еркелігі басылмай жатып-ақ батырлар жырын жаттатып, ерлік пен өрлік салтын саналарына сіңірген. Ұлттық намысты ұлықтауды бабалары ұрпақтарына аманат етіп қалдырған. Кешегі отаршылдық кезінде осынау орасан құндылықтарымыз құрдымға кетіп, тіл мен ділден айрылып қала жаздадық. Асқақ рухынан адасқандай аянышты күй кешкен Ұлы Дала ұлан­дарының басына бұлт үйірілді. Тарихтың тар кезеңіне тап болған қара түнектегі қазаққа жол көрсетіп, жөн сілтер көзі ашық, көкірегі ояу көшбасшылар қажеттігі туындады дәл осы тұста. Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында қараң­ғылықтың көгінде жұлдыздай жарқыраған Алаш арыстары сол соқталы міндетті өз мойындарына алды.

Советтік тоталитаризм кезінде қанқұйлылықпен қырғынға ұшыраған Алаш қайраткерлерінің есімдеріне «буржуазияшыл ұлтшылдар», «халық жаулары» деген айдардың тағылуы, олардың өскелең ұрпақтарына да жағылған қара күйе еді. Көшелі Әлихан көсем бастаған, ақылды Ахаң, Жақаң және басқа жақсы-жайсаңдарымыз қостаған ағартушылық бағыттағы оқығандарымыз озбыр қоғамның қылышын сүйреткен оңбаған саясатын аяусыз сынға алды. Содан да ұзақ жылдар бойы коммунистік партия билігі олардың аттарын атауға, еңбектерін жариялауға тыйым салды. Тек көк туымыз көтерілген соң ғана Алаш туының, тәуелсіз алаш мемлекеті болуын аңсаған арда ағаларымыздың бейнесі еңселі ескерткіш, еңбектері көлемді кітап болып санамызда қайта жаңғырды.

Сол себептен де олардың жеке және отбасылық құжаттарын, жәдігер бұйымдарын, фотосуреттерін, тарихи құны мұраларын сақталуына, сол арда азаматтардың өмірі мен елдік жарқын істері туралы ашық айтуға да мүмкіндік бермеді. Осындай қисық саясат кесірінен осы мақаламыздың кейіпкері, алаштың революционер қайраткері Отыншы Әлжановтың фотосуреті де табылмай келді. Тәуелсіздік жылдары ғана Отыншы туралы деректер ұзақ ізденістерден кейін, ғалымдарымыздың тынымсыз сұрау салуларының нәтижесінде жинақталып, мүмкіндігінше толықтырылды.

Отыншы Әлжанов 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі, Нарын болысында дүниеге келген Отыншы орысша оқу оқиды. Зайсан қаласындағы бастауыш орыс-қазақ училищесін үздік бітіріп шығады. Ол тұста Зайсан үлкен сауда жолының бойында тұрды. Зайсандағы оқудан соң осы керуен жолымен Омбыға келіп, қалалық училищеде оқиды. Одан мұғалімдер семинариясына түседі. Сабақ оқып қоймай газет-журналдар мен ғылыми кітаптарды жүйелі түрде қарайды. Қаланың беделді адамы Кеменгерұлы Дүйсенбай қажының қызына үйленеді. Бұл әулеттен Алаштың қайраткер ағартушысы Қошке Кемеңгеров шыққаны мәлім.

Жас отау Омбыда Отыншының әкесі Әлжан сатып әперген үйде 1907 жылға дейін тату-тәтті өмір сүреді. Отбасында төрт перзент дүниеге келеді. Ең кіші ұлдары шетінеп кетіп, қызы Бибіфатима мен екі ұлы Мұқаметқасым мен Ғалымжан аман өседі.

Мұғалімдер семинариясын үздік бітірген Отыншы Әлжанов Дала генерал-губернаторының кеңсесіне хатшы қызметіне қалдырылады. Бұл қыр қазағы үшін үлкен лауазым еді. Бірер жылдан соң Соттың губерниялық хатшысы болады. Ел ішінде қысым көрген қазақтар Омбыға жиі келіп шағымданғанда Отыншы заң мен тіл жағынан жәрдемдесетін. 1897 жылы Бүкілресейлік халық санағын өткізуге қатысып, алыс аудандарда үш ай жүреді. Еңбегі үшін оны Патша ағзамның атынан қола медальмен марапаттайды. Отыншы қазақ халқының ауыр тұрмыс-тіршілігін көзімен көреді. Сапардан соң «Дала уалаяты» газетінде қазақ балаларын тәрбиелеу мен оқыту жайында мақалалар жазады. Сол жазбаларының бірінде Отыншы ӘЛЖАНОВ: «Жас ұрпаққа қажетті білім беріп, дұрыс тәрбиелеуге ұмтылсақ, онда біздің халқымыз да олар жеткен биіктерге жететін болады»,- дейді.

Ол Семей және Ақмола облыстарының Халық училищелерінің директоры шығыстанушысы Алекторовтың көзіне түседі. Қолдауына ие болады. Санкт-Петербургте өткен «Шығыс бұратаналарын» оқыту мәселелері бойынша Ерекше мәжіліске екі рет қатысқан. Екеуінде де Дала уалаятындағы қазақ мұғалімдері атынан сөйлеп «бұратана халықтарды» оқыту туралы «Ережеге» сын айтады. Инспекторлық орынға қазақ мұғалімдерін тағайындау қажеттігін айтады. Қазақ мүғалімдерінің хұқын және орыс мүғалімдерімен теңестіруге назар аудартады. Омбыға оралған соң елдегі діни білім орнына жаңа әдіспен оқытатын мектептер ашуды ұсынды. Зәбір көрген қазақтарға заң жағынан көмектесу, халық санағын өткізу үшін үш ай ел аралау, екі рет бұратана халықтарға білім беру жөніндегі Петербор мәжілістеріне қатысу Отыншы Әлжановтың қайраткер ретінде қалыптасуына зор ықпал етті.

Сол 1907 жылдың қазан айында Санкт-Петербургте Ресей халық ағарту министрлігі тарапынан құрылған «Бұратана халықтардың оқу ісі мен мек­тептері туралы заң жобаларын қайта құру» комиссиясының жұмысына Дала генерал-губернаторына қарасты қазақтардың өкілі ретінде тартылған. Қазағының қамын ойлаған қайраткер «Дала уәлаятының газетіне» өлкеміздегі өзекті мәселелерді көтеріп мәнді мақа­лалар жазып тұрған. Әсіресе, оқу-ағарту саласының проблемаларын саралап, қанаудағы қандастарының тұралаған тұр­мысын талдаған, патшалық режимнің сұрқия әрекеттерін әшкерелеген, қаперсіз қалғып-шұлғыған жерлестерін қалың ұйқыдан оянуға үндеген пуб­л­и­цистикалық пайымдары қ­аламгердің қарымды шығар­машылық қабілетін танытқаны талас тудырмаса керек.

Демократия «дертіне» ұшы­раған дегдар жігіттің «сенімсіз» саяси көзқарасынан сескенген жандармерия жандайшаптары оны Жетісу облысындағы Лепсі уезіне жер аударады. Сонда қуғын-сүргінде жүргеніне қа­рамастан қарағайдың қарсы бұтағындай талай қайсар достар тауып, ұлтжандылық қасиеттерін одан сайын ұштай түседі. Мо­нархиялық билікті тақтан тай­дырған 1917 жылғы ақпан төң­керісінен кейін Уақытша өкіметтің өкілетті уәкілі ретінде аз-кем қызмет атқарады. Ең бастысы, Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесінің мүше­лігіне сайланады. Құрылтай қа­­рарындағы өзіне жүктелген міндетті өтеу мақсатында Жетісу аймағында Алаш милициясын жасақтауға бел шешіп кіріседі. Атыс-шабысқа толы аласапыран уақыттың айықпас тұманына кезіккен халқымен бірге «Алаш» серкелері де сергелдеңге түсіп, қай жолды таңдарын білмей аңырып қалғандары жасырын сыр емес.

Оқу ағарту мен әскер құру істерінің бел ортасы емес, ең басында Отыншы Әлжанов тұрды. Білімі, түр-тұлғасы мен көркі оны қазақтың менмін дейтін азаматына айналдырды. Жас кезінен әскер ісіне бейімділік танытқан. Мергендігі сондай тиынды көкке лақтырып, жерге түсірмей атып үлгеретін. Тарбағатай өңірі желдің өтінде, жаудың шетінде тұрғандықтан жаугерлік дәстүр атадан балаға жалғасқан.

Дихан Қамзабекұлы

Академик, филология ғылымдарының докторы

Отыншы Әлжанов Көкпектідегі тұрмыстық қиындыққа қарамай жаңа қызметке құлшына кіріседі. Училищеге алыс-жақын ауылдардағы қазақтардың балаларын бұрынғыдан көп жинайды. Мектеп үйін жаңартады. Оның жабдықталуын жақсартады. Әрі Өскемен мен Зайсан уездеріндегі қазақ мектептеріне басшылық жасау міндетін қоса атқарады. Ол аймақты аралап, жаңа әдіспен оқытатын болыстық мектептер ашады. Бұған қоса жер мен мал-мүліктен айрылып жатқан қазақтардың мүддесін заң жүзімен қорғайды. Осы әрекеті үшін орыс-казактар жазған арыз негізінде жандармдар тұтқындап, екі ай түрмеге қамаған. Одан Жетісу облысының Лепсі уезіне жер аударылады.

Лепсіде үнемі қатаң бақылау астында жүреді. Соған қарамай тағы зорлық көрген қазақтарға заң жолымен көмектеседі. Ақыры көптен күткен күн жетті. 1917 жылдың ақпанында Ақ патша тақтан құлайды. Жаңа биліктің жаңғырығы алыс аймаққа жетіп, Отыншы Әлжанов Уақытша өкіметтің Лепсі уезі комиссарының орынбасары болады. Сонымен бірге ұлтқа азаттық әперу туралы арманға бір табан жақындағандарын аңғарып, Алаш қозғалысына бірден қосылады.

Сол бір аласапыран уақытта Отыншы Әлжанов Жетісуда қазақ съездерін ұйымдастыруға белсене кіріседі. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Досмұхаметовтердің Алаш автономиясын құру жөніндегі идеясын айналасына таратады. Кешікпей автономия жөніндегі пікірі үшін оны билікке келген қызылдар тұтқынға алады. Тек Әлихан Бөкейханов Кеңес өкіметінің алдына талап қойғанда босатылған. Ол Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқаймен бірге Жетісу өлкесінен делегат болып, Орынбордағы бірінші және екінші Жалпықазақ съездеріне қатысады. Онда Отыншы Әлжанов 15 қайраткердің қатарында Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады. Жетісуға оралғаннан соң Аягөз, Алакөл, Үржар және Сарқан өңірлерінен жігіт жинап, съезд қаулысында көрсетілген халық милициясын құруға бір өзі қолға алады.

«Елдің басына мынандай пәле туып тұрғанда мен халқымды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін», - деген Отыншы Әлжановтың сөзі соған дәлел.

Болатжан Абылқасымов

Филология ғылымдарының докторы

Отыншы Әлжанұлының қоршаған ортаға, қоғамға деген көзқарасының қалыптасуына Омбы қаласы тікелей әсер етті. Себебі, Омбы қаласы дала өлкесінің астанасы ғана емес, бүкіл Батыс Сібірдің орталығы еді. Омбыда өнер-білімге ұмтылған қазақ жастары білім алып, қазақ зиялыларының көпшілігі қызмет етті.

Осы Омбы қаласында ол орыс, шетел классиктерінің шығармаларын оқып, мерзімді баспасөз хабарларымен үнемі танысып отырған ол өзі де қолына қалам алып, елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысты мақалалар жаза бастаған.

Отыншының алғашқы мақаласы 1894 жылы орыс және қазақ тілдерінде шығып тұрған «Дала уалаятының газетіне» жарияланды және меншікті тілшісі болды. Сондай–ақ, аталмыш газет Отыншының қоғамдық-әлеуметтік ой пікірін оятуға, мәдени, әдеби дүниетанымын қалыптастыруға әсер етті және «Дала уалаяты газетінде» 84 мақаласы жарияланыпты.

Көбінесе, мақалалары «Бабайбүркіт», «Орта жүз», «О.Ә» деген бүркеншік есімдермен жарық көрген. Мақалаларында оқу-ағарту саласы, мектеп ашу, жас ұрпақты тәрбиелеу, халық тарихына, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен салт-дәстүрге қатысты, қоныстандыру мәселесі, аңыз-ертегілер, қазақ халқының әлеуметтік жағдайларын қозғады.

Осы орайда ғұламалар: «Өткен тарихсыз болашақ жоқ. Тарих дегеніміз – өсіп тұрған өсімдіктің жерден нәр алатын тамыры секілді. Демек, адам санасы да тамыры тереңге тартқан тарихынан нәр алады. Адамдық қалпымыз -тәнімізді сақтау үшін ауа, су, тамақ қандай керек болса, адамгершілік қалпымыз, рухымыз, жан дүниемізді аялап, сана-сезімімізді асқақтата көтеретін рухани азығымыз – ата-бабаларымыздың өткен тарихын білу де сондай қажеттілік. Қазақстан жері аудан, облысқа бөлінгенімен, қазақ тарихы бір-бірімен тығыз байланысты, тұтас адамның денесі секілді бөлінбейді»- дейді.

Берік Әбдіғали

Алаштанушы. Қарағанды облысы, Ұлытау ауданының әкімі

1918-1920 жылдары болған Алаш ми­лициясы, әскері туралы бұрыннан білеміз, ал «әскер қатарында кім­дер болды, құрылымы қандай, бас­шылары кімдер, мақ­саты не?» деген сауалдар көкейімізде жүр еді. Осыған жауап іздеп, соңғы бірер жыл­­­­да Ресей ар­хив­теріне бірнеше экспе­диция ұйым­дастырдық. Негізінен, Мәскеу, Омбы, Томск қалаларына бардық. Экспе­диция барысында үш жүзге жуық істер қаралып, жүзге жуық Алаш әскеріне қатысты жарияланбаған жаңа құжат­тар табылды. Соның ішінде Жетісу май­да­нындағы Алаш полктерінің ті­зімі де бар. Колчак армиясының қатарында 2000 - 2500-ге жуық қазақ әскері болған екен. Ол бес Алаш полкі, бір кадрлық полк­тен тұрған. Соған қатысты үш полк­тың не­гіз­гі құжаттары табылды. Ол жерде, негізінен, соғысқан Шығыс Қазақстан облысы, Се­мей, Жетісу өңірі, негізгі соғыстар Зайсан, Аягөз, Мақаншы, Үржар, Үшарал, Лепсі, Қапал, Сарқан, Жаркент төңірегіндегі болған айқастар. Біз расымен 600 аза­мат­тың тізімін таптық. Полк, эскадрон басшы­ларының да құрамы анықталды…

Өкінішке қарай, Алаштың аймақ­тардағы тұлғаларын әлі ешкім біле бер­мейді. Жергілікті аймақтарды Ұлт кең­се­сіне ұйыстыра білген азаматтардың еңбегі еленбей қалып жатқандай... Атап айтуымыз керек, Алаш әскерінің біразы қазақтың қамын ойлаймын деп, ақыр аяғына дейін орыс коммунистерімен соғысып келді. Алаш сарбаздары ақ гвар­диямен қолтықтаса жүріп, қазақ­тың намысын қорғаған, туын жық­па­ған. Алаштың тұңғыш құрбаны, сар­баз, 22 жасында қаза тапқан Қазы Нұрмұ­хамедұлын көпшілік біле бермейді. Шә­кә­рім қажының «енді өлсем арманым жоқ» деуі де осы қазаға байланысты. Ата­ла­рының Алаш сарбазы болғанын бүгінгі ұр­пақ­тары да білмеуі мүмкін. Оның ішінде Георгий медалімен марапатталғандары бар. Олардың ерліктері сипатталған ақ­тар га­зеті­нің мақалаларын таптық. Ол мақала­ларда Алаш әскерлерінің кере­мет ерліктері көрсетілген. Тіпті оларға Кол­чак офицер­лерінің өздері де таң­ғалған.

Осыған байланысты Алаш ары­сы Отыншы Әлжановтың қы­зылдар­мен соғысып, ерлікпен қаза бол­ған жеріне тас қойылды. Біз Алаш рухты сол азаматтарды Қа­­зақ елін қорғау жолындағы батырлар деп бағаласақ еш артықтық етпейді. Ел үшін құрбан болғандардың есімін қайтару – басты борышымыз. Алаш әскері өздігінен құрылған жоқ. Оларға рух берген бас­шы­лары, қолдаушылары болды.

Махат Садық

Алаштанушы, «Алаш алыптары» телефильмдерінің авторы

Алаш армиясының үлкен құрамдас бөлігін құруға Отыншы жан-тәнімен кіріседі. Әскери дайындық үздіксіз қолға алынған. Ежелгі атты әскер қылышпен шабуға жаттығады. Бұрын болмаған окоп қазу, шауып келе жатып винтовкамен ату үйретіледі. Сарбаздар қосылып «Алаш гимнін» айтады.

Арғы атам Ер түрік,

Біз қазақ еліміз!

Самал жел, салқын бел

Сарыарқа жеріміз.

Нәсіп, нәсіп жан-ай,

Жанымыз да құрбан-ай

Бас байладық, бел будық,

Бостандықтың жолына-ай.

Отыншы ағамыз:

«Жеті зәлімнен құрылған үкімет келеді. Ол – ұры, өтірікші, имансыз, дінсіз, қатыгез, жауыз. Ол үкіметтен жеті ата-бабаңның ұрпағына иненің жасуындай жақсылық келмейді»,-деп осылай большевиктер үкіметін дәл сипаттаған.

Әлихан Бөкейханов сол жылдары: «Қызыл Армияға қарсы Алаш қарулы күштері майданға шықты. Іс жүзінде 700 жігіт Жетісу майданында, 540 адам – Троицк түбінде, 2000 адам – Орал облысында соғыс әрекеттеріне қатысуда»,-деп жазады. Соғыс өнерін озық меңгерген, сарбаздар алдында беделі зор Отыншы Әлжановты тіпті атаман Аненковтың офицерлері құрметтеген. Жетісу большевиктің билік пен оған қарсыластардың кескілескен майдан даласына айналды. Бірақ, күн санап қызылдар басым түсіп, Алаш пен атаманның бірлескен күштеріне сын сағаты туады. Өзі сияқты айқасатын жиырма шақты сарбазбен Отыншы жедел Семейге шақырылады. Бірақ Алаш қаласы атанған Семейге жете алмайды. Ол өз жауынгерлерімен келген Үржардағы Науалы ауылына Мамонтовтың қызыл ­гвар­дияшы отряды шабуылдайды. Отыншы ағаш ғимарат төбесіне қол пулеметін құрып тастап, жауға қарсы атысады. Қызылдар жағы ғимаратқа от қойып, ақтық айқаста Отыншы Әлжанов қаза табады.

Отыншы Әлжановтың сүйегі Мақаншы жанындағы Жәйтөбеде жерленген деседі. Бірақ, бұл аймақта кеңес өкіметі орныққан жетпіс жылда оның жерленген жері ешкімге айтылмады, көрсетілмеді. Атын атауға мүлде тыйым салынды. Не керек Науалыда болған атыстағы оның қазасын Семейдегі Алашорда үкіметіне естіртеді. Халқын азаттыққа бастаған азаматтардың бәрінің жүрегі қан жылаған. «Алаш баласына Отыншының шығыны батады, орны ойсырайды. Жетісудағы ағайындарға басшысынан, көсемінен айрылғаны жан ауыртарлық іс болды. Тағдырға шара бар ма?» Отыншының мезгілсіз қаза тапқан соң Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетінде Алаш ағартушыларының алдыңғы қатарында тұрған қайраткер әрі балдызы Қошмұхамет Кемеңгерұлы қоштасу мақала жазған.

Қайырбек Кемеңгер

Әлжановтанушы, филология ғылымдарының кандидаты

Отыншы Әлжанов ауқатты отбасында тәрбие алып, қаршадайынан хат таныған талапты жас алдымен Зайсандағы орыс-қырғыз училищесін, одан соң Омбыдағы қалалық училищені, мұғалімдер семинариясын үздік бітіріп, біраз уақыт мұғалімдікпен айналысқан. Кейінірек Ақмола округтік сотының аудармашысы, Көкпекті қаласындағы орыс-қырғыз училищесінің директоры болып жұмыс істеген. Айрықша атап өтерлігі, 1897 жылы бірінші бүкілресейлік халық санағына қатысады. Ал, 1907 жылдың қазан айында Санкт-Петербургте Ресей халық ағарту министрлігі тарапынан құрылған «Бұратана халықтардың оқу ісі мен мектептері туралы заң жобаларын қайта құру» комиссиясының жұмысына Дала генерал-губернаторына қарасты қазақтардың өкілі ретінде тартылған. Қазағының қамын ойлаған қайраткер «Дала уәлаятының газетіне» өлкеміздегі өзекті мәселелерді көтеріп мәнді мақалалар жазып тұрған. Әсіресе, оқу-ағарту саласының проблемаларын саралап, қанаудағы қандастарының тұралаған тұрмысын талдаған, патшалық режимнің сұрқия әрекеттерін әшкерелеген, қаперсіз қалғып-шұлғыған жерлестерін қалың ұйқыдан оянуға үндеген публицистикалық пайымдары қ-аламгердің қарымды шығармашылық қабілетін танытқаны талас тудырмаса керек. Мәселен, автордың «Ғылымға қарай тағы бір қадам», «Қазақ балаларын тәрбиелемек тұрғысынан өсиет әңгімелер», «Қазақтарға пайдалы кітаптар», «Қазақтардың медресе ашқандары», «Қырдағы Рамазан айты», «Билердің бітімдері» секілді т.б. жарияланымдары танымдық тұрғыдан ерекше маңызға ие екендігін айта кеткеніміз абзал.

Отыншы Әлжанов негізін қалаған Жетісудағы атты қазақ полкі жүздіктер түрінде құрылған. Милицияның басты мақсаты дүрбелеңнен күйзелген елді ақтар мен қызылдардың тонаушылық әрекеттерінен қорғау болатын. Кеңес үкіметімен ымыраға келмеген Отыншы 1918 жылы 21 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылында қызылдардың «Красные горные орлы Тарбагатая» атты әскерінің қоршауында қалады. Қардай бораған оққа төтеп бере алмаған Отыншы бірнеше жігіттермен өзен жағасындағы су диірменнің шатырына бекініп, Лепсіден әкеле жатқан пулеметімен өздеріне қарай шабуылдаған қызылдарды атқылайды. Қызыл әскер көп уақытқа шейін диірменге жақындай алмай, бір амалмен ақырындап келіп диірменнің төбесін жапқан шөпті өртеді. Отыншы шатырдың төбесінде екі жолдасымен бекініп, соңғы оғы қалғанша атысады. Әбден жанған шатыр құлаған кезде Отыншы қасындағылармен бірге от құшағына оранады. Сол жерде оны қызыл әскер атып өлтіреді. Отыншының қазасы туралы Семейдегі Алашорда үкіметіне Базарбай Мәметов пен Ыбрайым Жайнақов хабарлайды. Ол құрбан болғаннан кейін М. Дулатов: «Марқұм айтқанын қылды, елді бәлеге тастап, өзі бас амандап кеткен жоқ. Алаш жолында құрбан болды! Қызықты ғұмырының көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай арманда кеттім деме. Сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас», – деп жазды. Иә, Міржақып Дулатұлы көрегендікпен дұрыс болжағандай, алаштықтар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан бүгінде бүкіл төрткүл дүниеге танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен өркениет өріне беттеп барады. Алаштың ар-намысы атанған асылдарымызды ардақтау арнасын тапты. Бүгінде Үржарда орнатылған Отыншы Әлжановтың бюсті осы ойымызды айғақтары анық. Міржақып Дулатовтың мына бір сөзінің атан түйені қайыстырардай астарына үңілсек: «Алаш біріксе, алынбайтын қамал жоқ, егер бірікпесе, құл болудан басқа амал жоқ». Түсінгенге түпсіз терең афоризм.

Гүлфарида Төлемісова

Отыншы Әлжановтың шөбересі

Отыншы Әлжановтың ұрпақтары Бішкек, Алматы, Ташкент, Нүкіс, Шалқар сияқты қалаларға, былайша айтқанда жан-жаққа шашыраған. Баласы Ғалымжанды Ленинград университетіндегі оқуынан шығарып, жер аударады. Ол екі жыл Әлкей Марғұланмен қатар оқыған. Отыншы Әлжановтай асылдың сынығы Ғалымжан Ақтөбе облысының Ойыл ауданына жер аударылғанда қарап жүрмей тарының жаңа түрлерін шығарған. Осы тарыны еккен Шығанақ Берсиев әлемдік рекорд жасады. Бірақ бұл рекорд туралы құжаттардың ешбірінде тұқымды шығарған Ғалымжан екені айтылмайды. Өйткені, ол халық жауы деп танылған Отыншы Әлжановтың баласы болатын. Ал Әлжан әулетінің тағы бір тармағы оларды атақты композитор Төлебаевпен құдандалы етеді. Міне, Құнанбай Ырғызбайұлы, Қошке Кемеңгеров, Әлкей Марғұлан, Мұқан Төлебаев сияқты қазақтың біртуар тұлғаларымен қалай біте қайнасып кеткен десеңізші. Мұндай берік тамырды большевиктік билік те үзе алмайды. Қанша қудалауға түссе де олардың асқақ рухы бәсең тартпады. Енді Отыншы Әлжанов туған елдің тыныштығына биік тұғырдан қарап тұрғандай.

Отыншы Әлжанов тек шырайлы Шығыстың ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ қадірлі қайраткері. «Қаншама жылдар бойы бұл кісі жайында ештеңе айтылмады, елеулі еңбектер жазылмады. Осы олқылықтың орны енді толуға тиіс. Баспасөз беттерінде Әлжановтың публицистикасын там-тұмдап болса да жарияласа қандай ғанибет. Оларды іздеу, жинау, деректанулық талдау жұмыстары үздіксіз жалғаса берсе нұр үстіне нұр. Сондықтан Отыншы атамыздай арыстарымыз ешқашан ұмытылмақ емес!» Алаш қозғалысының тарихы – отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Қазақтың тәуелсіздігі мен өрелі ұлтқа айналуына қызмет еткен тұлғалардың әрқайсысы тарихта өз орнын алуға тиіс.

Қуат Есімханов

Мемлекет және қоғам қайраткері, О. Әлжанов ескерткішін Үржар ауылына қоюшы

Халқым деп еңіреген есіл ер Отыншы Әлжанов жастай жалындады, қыршын қиылды. Қазақ жеке ел болса, есесін ешкімге жібермесе, деген арман жолында жанын құрбан етті. Енді азаттық алған қалың елі сол арыстардың аттарын жадында сақтайды.

Отыншының атқарған ісі мен жазған еңбектері оның ел қамын ойлаған азамат екендігін білдіреді. Оның ұрпақтары қаншама қысым көріп, қудалауға түссе де, бүгінде бұлардан өсіп-өнген ұрпақтары ғылым, білім салаларында жетістіктерге жетіп, туған еліне елеулі үлес қосуда. Қорытындылай келгенде, Алаш арыстары армандаған тәуелсіздікке кейін қазақ халқы қол жеткізді. Тәуелсіздік үшін күресіп, оның сағымында көре алмай кеткен қазақ зиялыларының егемен ел болу идеясы бүгінгі күнмен сабақтасып жатыр. Олардың өмір жолын, тағдырын және ерен еңбектерін зерделеу бүгінгі күннің талабы. Өйткені, қазіргі уақытта еліміз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын көтерген шақта, тәуелсіздігімізді баянды етіп, іргелі ел болуымыз үшін елдік мұрат жолында күрескен және құрбан болған алаш арыстарының жарқын бейнесі мен олардың жасаған өнегелі істерін жас ұрпаққа насихаттау, ұрпақ бойында Жаңа Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін аса қажет маңызды мәселе екендігі анық. Осыдан біраз жылдар бұрын Алаш қайраткерінің есімін ұмыттырмай халық жадында жаңғырту үшін өзінің туған ауылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Екпін ауылында бір көшеге Отыншы Әлжанов есімі берілді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында оған ескерткіш орнатылды. Қазақтың қабырғалы ақыны Серік Тұрғынбекұлының «Рухы биік тұлға» дастанында былайша жырлайды: «Ел намысын бермеген, Қара қылды қақ жарып. Арыс болса өлмеген, Ол – Отыншы Әлжанов».

Алтыбақан алауыздықты аластап, береке-бірлікке басымдық бергенде ғана Елбасы айтқандай «Мәңгілік Елге» айналатындығымызға се­немін. Оны Отыншының Міржақыпқа жазған хатындағы «Халықтың басына қиямет-қайым туды. Қатын-баламды алып кетіңдер. Мен не көрсем де халықпен бірге көрем, өлсем де, тірілсем де» деген жолдар қатты тебірентіпті. «Қиын-қыстау шақта біз осылай айта аламыз ба, жоқ па?! Сондықтан Отыншы атамыздай арыстарымыз ешқашан ұмытылмақ емес.

Болашақта да алаш арыстары туралы зерттеулер жасау, қоғамдық-саяси қызметтерін зерделеу мәселелері жүзеге асырылуы керек.

Соңғы жаңалықтар