Алаш партиясының Қырғызстандағы қызметі туралы монография жарыққа шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетовтің қатысуымен өткен «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған бірқатар еңбектердің тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым Зайнидин Курмановтың «Кыргызский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судьба» аты кітабы алаштану саласында жаңалығы мол еңбек саналады.

Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған іргелі еңбекте автор тарихи құжаттар арқылы Алаш партиясының Қырғызстандағы қызметін жан-жақты зерделеп, оған басшылық жасаған тұлғалардың төңкерістен кейінгі тағдыры туралы баяндайды. Монографияға алаш қайраткерлерінің мұратқа жету жолындағы табанды күресі арқау болған.

Сонымен қатар, қырғыз-алаш қайраткері, ағартушы ғалым, ақын Қасым Тыныстановтың 1925 жылы қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көрген «Қасым жырлары» кітабы Халықаралық Түркі академиясы тарапынан түрік тіліне толық аударылып, факсимилесімен қоса академиялық жинақ ретінде жариянып отыр.

Бірегей басылымдағы жырлар қырғызша латын әліпбиінде және түрікше аудармасымен қатарластыра берілген. Тарихи басылымды баспаға әзірлеуге Сабырбек Борубаев атсалысты.

Небары 37 жылдық ғұмырында өшпес мол мұра қалдырған Қасым Тыныстанов – қырғыз әліпбиінің бастауында тұрған, тіл біліміне өлшеусіз үлес қосқан тұлға.

Айта кетейік, Алматыда «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар